Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында өз таңдауын жасады. Өңір басшысы Тараз қаласы Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясында орналасқан 35 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш сайлау учаскесі таңғы алтыда ашылып, жетіде өз жұмысын бастады. Онда барлығы 2308 сайлаушы тіркелген. Олардың 400-ге жуығы сағат 11:00-ге дейін өз таңдауын жасап үлгерген.
Бұл сайлау учаскесінде келушілерге арналып барлық жағдай қарастырылған. Дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін әсем әуен ойнатылып тұрғаны да көңілге әдемі әсер сыйлайды. Тіпті, мұнда алғашқылардың бірі болып дауыс бергендерге естелік сыйлықтар да тарту етілген.
Айта кетейік Жамбыл облысы бойынша кезектен тыс алтыншы президенттік сайлауға 718 мыңға жуық дауыс беруші тіркелген. Оның 40 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Саяси науқанда өңірде барлығы 484 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.