2021-2022 оқу жылы: Қазақстан 12 жылдық білім жүйесіне толық көшеді
Қазақстан 2021-2022 оқу жылында 12 жылдық білім жүйесіне толық көшеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген бұрынғы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтты.
«Республикада 2016 жылдан бастап 1-8 сыныптарда «Назарбаев» зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне сәйкес әзірленген орта білім берудің жаңартылған мазмұны енгізілді. 2019-2020 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына 4, 9 және 10 сыныптар, ал 2020-2021 оқу жылында 11 сынып көшетін болады. 2021 жылы білім берудің жаңартылған мазмұны толықтай енгізілгеннен кейін 12-жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу жоспарланған», — деді Шәмшидинова.
12-жылдық білім беруге көшкенде бастауыш сынып мерзімі 1 жылға (1-5 сыныптар) ұлғаяды.
«12-жылдық білім жүйесін енгізу 2021-2022 оқу жылына жоспарланып отыр. Қазақстандағы білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бекітілгеннен кейін мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттары мен оқу жоспарларына тиісті өзгертулер енгізіледі», — деді К.Шәмшидинова.
Дереккөз: ҚазАқпарат