Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрмысы төмен отбасылардың несиесін мемлекет өтейтіні туралы Жарлығы көпбалалы аналарға қолдау болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Несие алып, төмен тұрмыстық жағдайына байланысты төлей алмай отырған көпбалалы аналар мемлекет тарапынан жеңілдік жасалатынына қатысты пікір білдіруде. Елімізде осындай мәселесі бар 500 мыңға жуық азамат тіркелген.
«Мемлекет басшысының ел тұрғындарының несиелерін жабуға жеңілдік жасайтын бастамасын естіп, қуандым. Отбасын асыраушы азаматтардың жалақылары айлық несие көлемін төлегеннен кейін, тұрмыстық қажеттіліктерге, жалдамалы пәтеріне жетпей жатады. Менің 5 балам бар, біреуі мүгедек. Емдетуге қаржы таппай, несие алған кездеріміз болды. Сондықтан, несиені төлеуге мемлекет жәрдем жасаса, осындай мәселелері бар азаматтарға қолдау болмақ», — деген пікір білдіреді көпбалалы ана Сандуғаш Мырзабекова.
Еске сала кетейік, мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.