Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жұмыс тобы Талас ауданына барды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Үкімет тарапынан әрбір салаға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалар жемісті жүзеге асырылуда. Республикалық бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінуде. Шарапатын сезініп, игілігін көріп жүргендер де аз емес. Алайда қайсыбір бағдарламалар мен жобалар болмасын жалпы халықты қамтып отыр дей алмаймыз. Ал жалпы халықты, әсіресе ауыл тұрғындарын қалай толық тартуға болады. Қайтсек облыс халқынының 60 пайызын құрайтын ауыл тұрғындарының тұрмысын түзей аламыз?!
Бір нәрсе анық, табысты еселеу үшін облыстағы 377 елді мекеннің әрбіріне ірі өндіріс орындарын салу қисынға келмейді. Әрі-беріден соң мүмкін емес те. Ендеше тығырықтан қалай шықпақ керек?! Қайтсек алтын бесік ауылдың ажарын ашып, тұрғындарының табысын арттыра аламыз. Әрине, елді мекен тұрғындарының жеке кәсібін ашып, табыс тайқазанын тасытқысы келеді-ақ. Бірақ, қолбайлап тұрған мәселелер де аз емес. Мәселен, екінші деңгейлі банктер көп жағдайда ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыра алмайды. Ең алдымен кепілдік (залог) мәселесі жолды кес-кестейді. Амал жоқ, банктен қажетті қаражатын ала алмай сағы сынып, тауы шағылған тұрғын қолды бір сілтеуге мәжбүр болады. Тізбелей берсе, банктен несие алудың машақаты өте көп.
Дегенмен кез келген жағдайда жарқын күнге бастайтын жол табуға болады. Жоғарыда аталған түйінді мәселелерді айналып өтудің жалғыз ғана жолы бар. Ол-ауыл тұрғындары кооперативке бірігіп, ауласындағы қосалқы шаруашылықтарды тиімді пайдалана білу. Әлемдік тәжірибеге сүйенудің қажеті шамалы, облысымыздың өзінде кооператив және қосалқы шаруашылықтың жұмысын жандандыру арқылы-ақ байлықтың көзін тауып отырған тұрғындар аз емес. Аймақ басшысы Асқар Исабекұлы Есейхан ауылында және Тамды ауылдық округінде болған кездесулерде мұнан өзге ауыл тұрғындарының табысын арттырудың жолы жоқ екенін жеткізіп, тиімділігін тарқатып айтып берді.
Жалпы кооперративке бірігуге, қосалқы шаруашылықты кәдеге жарата білуге ауыл тұрғындарының ынта-ниеті жоғары. Дейтұрғанмен халық не жетпейтінін біледі, бірақ не істеу керек екенін білмейді.
Осы орайда аймақ басшысы Асқар Исабекұлы бастаған жұмысшы топ өкілдері Талас ауданына қарасты 13 ауылдық округті толық аралап, тиімді табыс көзіне бейімделудің тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Көзбен көргеніміздей, тек Талас ауданында ғана емес Меркі, Қордай, Т. Рысқұлов, Жамбыл, Сарысу аудандарында қазіргі уақытта кооператив және қосалқы шаруашылықтардың жұмысын жүйелеуде сылбырлық байқалады. Нәтиже де жоқ емес. Ең бастысы сең қозғалған.
Сондықтан алдағы уақытта Асқар Исабекұлының теңдесіз жарқын бастамасы өз жемісін беріп, пилотттық режимде өңірімізде жүзеге асырылып жатқан жоба тұтас елімізде жүзеге асырылатына сенім мол.