Қазақстанда ішкі көші-қон жүйесінің бақылаусыз дамуы ірі қалалардың инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында да көтеріліп, қала әкімдіктеріне миграциялық жүктемеге дайын болу міндеті жүктелген еді. Осы ретте Kazinform тілшісі ішкі миграцияның қала дамуына әсерін сарапшылар пікірі негізінде талдап көрді.
Бір жылдағы өсім – 20,6%
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында ішкі көші-қон 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,6 пайызға артқан. Өңіраралық көшу есебінен халық санының ең көп өсімі мына өңірлерде байқалды.Мемлекет басшысы Астана қаласы мысалында көші-қон салдарының нақты ауқымын көрсетті. Соңғы үш жылда елорда тұрғындарының саны 250 мың адамға артқан. Оның ішінде тек өткен жылдың өзінде қалаға 100 мың адам көшіп келген.
Ресми есеп бойынша қала халқы 1,5 миллион адам болса, іс жүзінде инфрақұрылым күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді. Президенттің айтуынша, бұл – қосымша 400 мың тұрғыны бар жаңа қала қосылғанмен бірдей жүктеме.
— Мектеп инфрақұрылымы қазірдің өзінде шамадан тыс жұмыс істеп, шатқаяқтап тұр. Жыл сайын 15 мектепке дейін салу қажеттігі туындап жатыр. Емханалардың жүктемесі өте көп, онда орын тапшы. Соның салдарынан әкімдік қаланың қарқынды дамуына жағдай жасаудың орнына әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Оның қала бюджетіндегі үлесі қазірдің өзінде 60 пайызға жеткен. Бұл ахуалды түзеу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар не дейді?
«Сандж» зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Жанар Жандосова Мемлекет басшысының көші-қон мәселесін дер кезінде көтергенін жеткізді.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2020 жылы АҚШ-та қалалану деңгейі – 82,5%, Германияда – 77,4%, Жапонияда – 91,7%, Ұлыбританияда – 83,7%, Францияда – 80,7%, Италияда 70,7% болды. Қытайдың өзі 60,3% деңгеймен Қазақстаннан сәл ғана алда тұр. Қазақстанда 2010-2020 жылдар аралығында қалалар үлесі 20 пайызға өсіп, урбанизация деңгейі 59 пайызды құрады. Ал 2021-2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 63 пайызға жетіп отыр, – деді сарапшы.
Ж. Жандосованың айтуынша, адамдар ірі мегаполистерге – Астана, Алматы, Шымкентке көшуге бейім. Себебі мұнда даму мүмкіндіктері, табыс пен жұмыс көбірек. Алайда бұл үрдіс өңірлердің дамуын баяулатуы мүмкін. Сондықтан өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашу стратегиялық міндетке айналып отыр.
– Бұған дейін оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағытында «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асты. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, солтүстік өңірлерде тұрақты және тартымды кәсіпорындардың болмауы – басты мәселе. Көшіп барған азаматтар 4-5 ай жұмыс істеп, аз жалақының салдарынан қайта кеткен жайттар кездескен, – деді әлеуметтанушы.
Ал «Urban Forum Kazakhstan» ҚҚ директоры Әділ Нұрмақов көші-қонның салдарынан ірі қалаларда инфрақұрылымның қысымға ұшырағанын, әсіресе көлік жүйесі мен тұрғын үй нарығында мәселе ушығып тұрғанын атап өтеді. Оның айтуынша, көші-қонды тежейтін емес, оған бейімделетін тәсіл қажет. Бұл ретте кеңестік кезеңдегі жоспарлау логикасынан арылып, интеграцияланған, кешенді урбанистикаға көшу керек. Мысалы, Берлинде шамамен 3,8 млн адам, ал Токио агломерациясында 37 млн жуық адам тұрады. Бірақ бұл қалалар тұрғын санының күрт өсуіне икемделіп, көлік, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамытты.
Нұрмақовтың пайымынша, жаңа аудандарды тек тұрғын үймен толтырып қою — қателік. Онда бір уақытта мектеп, емхана, жұмыс орындары, демалыс аймақтары мен қолжетімді қоғамдық көлік мәселесі қатар шешілуі керек. Бұл – кейін емес, құрылыс кезеңінде қатар жүргізілуі тиіс процесс. Қалаларды ықшам, аралас функциялы, жаяу және велосипедпен қатынауға ыңғайлы ету – заманауи урбанистика талабы. Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үй нарығын дамыту да қалаға көшіп келетін халық үшін маңызды шешімдердің бірі.
— Жолдауда айтылған жаңа әлеуметтік-экономикалық орталықтар құру бастамасы құптарлық. Бірақ бұл бастама көрсеткіш үшін жасалатын жобаларға айналмауы тиіс. Сонда ғана олар ірі қалалармен бәсекелесе алатын тартымды ортаға айналады, – деді урбанист.
Көші-қонды басқарудың тағы бір жолы – аймақтық дамуды жеделдету. Саясаттанушы Әсем Қайдарова Түркістан облысын оң мысал ретінде келтіреді. Оның айтуынша, инфрақұрылым мен экономикаға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесінде аймақта миграциялық қысым азайған. Егер басқа өңірлерде де мәдениет, демалыс, тұрғын үй және жұмыс орындары бір мезетте шешілсе, халықтың ірі қалаларға ағылуы бәсеңдейді.
20 жылда 1400-ден астам ауыл жабылды
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов Жолдауда айтылған көші-қон мәселесін ел болашағы үшін маңызды бағыт деп санайды. Депутаттың пікірінше, урбанизация – заман талабы, алайда ауылдарды ұмытпау керек.
– Соңғы 20 жылда елімізде 1400-ден астам ауыл жабылды, тағы 500 ауыл «перспективалы емес» деп танылды. Бұл – қауіпті үрдіс. Әр ауыл – тарих пен мәдениеттің ізі. Ауылда жастарды ұстап қалу үшін бірінші кезекте қолжетімді тұрғын үй керек. Екіншіден, салықтық жеңілдіктер қарастырылып, ауылда арнайы экономикалық режим енгізілуі тиіс. Үшіншіден, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын күшейту қажет, – деді депутат.
Жаңа әлеуметтік-экономикалық орталықтар құру бастамасын қолдаған Ерболат Саурықов бұл бағытта заңнамалық және қаржылық тетіктерді іске қосуды ұсынды.
– Ең алдымен, ұлттық деңгейде арнайы бағдарлама қабылдануы қажет. Ауылға келетін кәсіпкерлерге қаладағыдан артық жағдай жасалуы керек. Жол, су, электр, интернетсіз инфрақұрылым дамымайды, – деді ол.
Сарапшылардың айтуынша, урбанизация – табиғи және қалыпты процесс. Дамыған елдерде қала тұрғындарының үлесі 75-85 пайызға дейін жетеді. Дегенмен, бұл — ауылдағы өмірден бас тарту емес. Егер мемлекет өңірлерді дамытса, көші-қон теңдей таралып, аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылық азаяды.
Президент атап өткендей, қазір көші-қонды реттейтін орталық есеп жүйесі жоқ. Бұл еңбек нарығын жоспарлауда және басқаруда қиындық туғызып отыр. Сондықтан Үкімет алдында біртұтас цифрлық жүйе жасау, өңірлердің тартымдылығын арттыруға бағытталған кешенді міндет тұр.