Жамбыл облысында «Jambyl» телеарнасының жаңа басшысы болып Мейіржан Әлібекұлы тағайындалды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова мен «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманбек Жұмағали таныстырды.
Мейіржан Әлібекұлы — алғашқы еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалынан редактор қызметінен бастады. Ол редактор-жүргізуші, тілші, аналитик, телеарна дауысы, шеф-редактор лауазымына дейін өсті.
Мейіржан Әлібекұлы билікте жүрген саяси тұлғалармен эксклюзивті сұхбат құрған таңдаулы тілші. Ол 2012 жылы елдің саяси-экономикалық дамуы бағытында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен эксклюзивті сұхбат жүргізді.
Осындай еңбектері ескеріліп, Мейіржан Әлібекұлы 2014 жылы «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ал 2017 жылы әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген сауалнама нәтижесінде «Халық сүйіктісі» Ұлттық жүлдесінің «Жыл тележурналисті» аталды. Бұл марапатқа тележурналист қалың көрерменнің алдында танымалдығы, креативті сюжеттері мен кәсіби шеберлігінің арқасында қол жеткізді. Ол 2011 жылы Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталды.
2019 жылдың 12 шілдесінен «Jambyl» телеарнасының басшысы қызметіне тағайындалды.