Өңірді өркендету жолында ағымдағы жылдың алты айында атқарылған шаруа аз емес. Жарты жылда тыңдырылған толайым тірліктерді ауыз толтырып айтуға болады. Бұл туралы облыс мәслиxатының кезектен тыс сессиясында есеп берген аймақ басшысы Асқар Мырзаxметовтың баяндамасында жан-жақты айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтар болсақ, есепті мерзімде өңір экономикасының өсуі 103,8 пайызды құраса, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,0 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,4 пайызға артқан. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция 12,7 пайызға өскен. Бұл орайда бюджеттен тартылған инвестицияның азайып, жеке сектордың үлесі көбейіп келе жатқанын айтып өту керек. Белгіленген кезеңде 17 миллиард теңгеге 7 жоба іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 46 миллиард теңгеге 9 жоба іске асырылады деп көзделуде.
Бұл ғана емес, өңірдің өзге де салалары мен барлық бағыттарында баянды жұмыстар баршылық. Ол өз кезегінде облыс дамуының оң динамикасын сақтауға зор септігін тигізуде.
Аймақ басшысының алты айда атқарған жұмысына мәслихат депутаттары бірауыздан «жақсы» деген бағасын берді. Жарыссөз кезегінде сөз алған Мейрамбек Төлепберген, Асаубай Майлыбаев және тағы басқа да халық қалаулылары орамды ойларын ортаға салып, өзекті ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ, осы күні түстен кейін өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығының қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің алқа мәжілісі өтті. Онда мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің, ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы, облыс әкімі мен қала аудан әкімдері арасындағы келісімдердің орындалу барысы егжей-тегжейлі қаралды.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасарлары рет-ретімен баяндама жасап, өздеріне тиесілі саладағы негізгі бағыттарды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мен проблемалық мәселелерді атап көрсетіп, оларды шешу жолдары бойынша нақты ойларын ортаға салды.
Жалпы алғанда барлық көрсеткіштерде өсім бар. Жарты жылдық жемісті түйінделді. Индикаторлық межелердің деніне қол жеткізілген. Десек те, өңірде шешімін күткен мәселелер де аз емес. Бірқатар облыс басшысы тарапынан басқарма мен аудандарға жүктелген тапсырмалардың орындалуы сын көтермейді. Айта кету керек, бұл ретте жұмысты жүйелеп, тірлікті тиянақты тыңдыруға келгенде жүрдім-бардым кейіп танытып, немкеттілік білдіргендер жазасыз қалмайды. Баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасарлары осы орайда жұмысына немқұрайлы қараған жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұсыныстарын білдірді.
Асқар Исабекұлы бұл орайда айтылған барлық ұсыныстарды толығымен қолдайтынын және олардың ешбірі қараусыз қалмайтынын қадап айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы бұған дейінгі жиындарда облыс экономикасын көтеру жолындағы тиісті шаралардың барлық мүмкіндіктері мен бағыттарды айқындалып, жолдары айтылып, қажетті тапсырмалардың жүктелгенін жеткізді. Алайда, әлі күнге жүйені жете түсінбей, жұмысын сылбырлыққа салып отырған жауапты тұлғалар жоқ емес.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмалары мен міндеттемелерінің маңызына тоқталып, халықтың тұрмыс-сапасын арттыруға бағытталған шаралардың орындалуында ешқандай олқылыққа орын болмау керектігін баса айтты. Сондай-ақ, тоғыз айдың және жылдық қорытындыларда тиісті нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмыс барысын жандандыра түсуді тапсырды.