Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде қақпа алдында кездесу өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жазасын толық өтеп, бостандыққа қадам басқан Заурбек Бешли-оглыға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, оңалудың жолдары айтылды. Кездесу барысында сала мамандары сотталғанға қатысты барлық ахуалды сараптап, тіркеуге алды. Маман тапшылығы бар шаһардағы мекеме-ұйымдардың мекенжайы мен байланыс құралдары көрсетілген кітапшаны табыстап, мемлекет тарапынан бір реттік жәрдемақы берілетіндігін айтты. Оңалту жолында атқарылар тірлік аз емес соған қарамастан тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Темір тордан босап шыққандар бұрыңғыдай қайда барып бас сауғалап, күнелтем деп еш қам жемейді қазір .Олай деуімізге әлеуметтік бағдарлама сеп болып отыр. Олар үшін де мемлекет оңтайлы мүмкіндіктерді қарастырып қойған. Тек тиімді кәдеге жаратса болғаны. Жазасын жалтармай өтеп, бостандыққа алғаш қадам басқаннан бастап арнайы мамандар қоғамға қайта бейімдеп, заман иіріміне сай оңалуына қатысты нұсқаулар беріп, жөн сілтейді.
Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік білім алып, жаңа мамандықты меңгеруге, жұмысқа орналасуға, денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына байланысты тиісті көмектер алуға құқығы бар. Сондай-ақ, жеке кәсібін ашуға да әбден болады, бастысы ниет болса, үкімет қолдауға әзір.