Талас ауданында өнеркәсіп өнімдерінің қаржылай көлемі 12101, 8 миллион теңгені құраған

0 5

Талас ауданында өнеркәсіп өндірісі өнімдерінің қаржылай көлемі 12101, 8 миллион теңгені құраса, оның ішінде 36 пайызы Амангелді газ кенішінің үлесіне тиесілі. Нақтылай айтқанда, есепті кезеңде мұнда 118,2 миллион текше метр табиғи газ және 5,6 мың тонна газ конденсаты өндірілген. Бұл көлем ақшаға шаққанда 4404,05 миллион теңге болады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Амангелді газ кенішінің іске қосылғанына биыл 16 жыл толғалы отыр. Талас пен Мойынқұм аудандарының екі аралығында, облыс орталығынан 190 километр қашықтықта орналасқан бұл өндіріс орнының аумағы бүгінде шағын қалашыққа да айналып үлгерді. Кеніш жұмысшылары вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олардың жұмыс істеуіне, демалуына, спортпен шұғылдануына барлық қолайлы жағдайлар жасалынған.

Жалпы «Амангелді газ» ЖШС-ы «ҚазТрансГаз» АҚ-ның аталған табиғи газ мен газ конденсатты кен орнын пайдалану және нысанға техникалық қызмет көрсету бойынша операторы болып есептеледі. Серіктестік келісімшарттық негіздегі аумақтағы жер қойнауының пайдаланушысы өкілеттігіне де ие. Бүгінде оның құрамында Талас ауданына қарасты Амангелді, Жарқұм, Айрақты аталатын үш бірдей кен орны жұмыс істейді. Барлығы 47 ұңғы бар. Олардың 37-сі нақты жұмыс істеп тұр, 3-еуі бұрғыланған, 2-еуі бұрғылану сатысында, 3-еуіне геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр екен. Біреуі іске қосылу үстінде.

Айта кетейік, 2006 және 2010 жылдардағы қайта есептеуден кейінгі келісімшарттық аймақтың көлемі 2025,53 шаршы километрді құраған. Кен орындарының ішінде Амангелді – 56,85, Жарқұм – 26,78, Айрақты – 169,89, Анабай-Малдыбай – 274,41, Құмырлы-Қосқұдық – 241,85, Бархан-Сұлтанқұдық – 642,54, Кемпіртөбе – 228,94 және Үшарал-Солтүстік Үшарал – 384,17 шаршы километр аумақты қамтиды. Келісімшарттық аймақтың жалпы бекітілген геологиялық газ қорының көлемі – 47575,0 миллион текше метрді құрайды. Оның ішінде көмірсутек газы – 31706,3, азот – 15457,0 және гелий – 55,085 миллион текше метр көлемінде. Ең ірі әрі жан-жақты зерттелген Амангелді кен орнында 2006 жылы жүргізілген қайта есептеуден кейін көмірсутек газының жалпы геологиялық қоры 25021,0 миллион текше метрді құрағаны белгілі.

Осы ретте Амангелді газ кенішінде күні бүгінге дейін төртінші «миллиардтық межеге» 4,8 миллиард текше метр табиғи газ қол жеткізіліп үлгерілгенін де айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда мұндағытәуліктік орташа газ өнімділігі 820,5 мың текше метр, газ конденсатының өнімділігі 50,4 тонна көлемінде.

1979 жылы ашылған Айрақты кен орнының да газ қоры Амангелдідегідей 9-10 миллиард текше метрді құрайды деп болжамдалған. Үшінші кезекте пайдаланылуға берілген Жарқұм кен орнында да бүгінгі күні «көгілдір отын» өндіру ісі қызу жүргізілу үстінде.

Газ кеніші аудан ғана емес, өңір тұрғындарын да көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде мұнда 140 адам жұмыс істеуде. Вахталық кент аумағында тұрғын жайлар, асхана, медициналық пункт, кір жуатын бөлме, қоймалар, мәдениет-спорт кешені, арнайы техникалар үшін жылы жайлар, қазандық және басқа да нысандар орналасқан. Электрмен жабдықтандыру ЖЭС тарапынан қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар автономдық қуат көзі де бар. Жылумен жабдықтау табиғи газбен жұмыс істейтін қазандық арқылы жүзеге асырылады.

«Амангелді газ» ЖШС-ның бір өзі 2016 жылы – 278, 3, 2017 жылы – 143, 4, 2018 жылы – 160, 5 миллион теңге салық төлемдерін төлеп, аудан қазынасының қоржыны едәуір қомақтандырылуына септескен. Ал биылғы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында бюджетке 194, 6 миллион теңге салық аударымын жасап отыр, –дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Құмдағы айтулы кеніштің бір буыны – «Амангелді» газ өңдеу зауыты жобасы еліміздің индустриялық инновациялық дамуының алғашқы бесжылдығы кезеңінде жүзеге асырылғаны да белгілі.

Жаңа кен орындары кезең-кезеңімен игеріліп, өндірілген өнімі ел игілігіне ұсыныла да беретін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.