Тараздағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен ұстаздар ұясы саналған Тараз мемлекеттік педогогикалық университеті қосылады деген хабар тараған болатын, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталмыш жоғарғы оқу ордаларының басшылары осындай шешім қабылданғанын, дегенмен әзірге Үкіметтің тиісті қаулысы шықпағанын айтты.
«Білім және ғылым министрлігі екі университетті қосу туралы шешім қабылдады. Бірақ Үкіметтің қаулысы әлі шыққан жоқ. Елбасының тапсырмасына байланысты әр аймақта бір жетекші жоғары оқу орны болады. Біріктірудің негізінде материалдық-техникалық, оқу-зертханалық база дамиды, ғылыми потенциал өседі»,-дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков.
Сондай-ақ, ТарМУ ректоры университет аймақтағы білім-ғылымның, мәдениеттің, руханияттың орталығына, мемлекеттік жастар саясатының көшбасшысына айналатынын жеткізді.
«Білім және ғылым министрлігінің өкілі Тараз педагогикалық университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті бірігеді деп айтқан болатын. Бірақ оның тұжырымдамасы әлі дайындалып, қол қойылған жоқ. Ресми түрде бұйрық шықпады. Нақты қаулы болса, бірігу үдерісі жүреді», — дейді Тараз мемлекеттік университеті ректорының көмекшісі Сайын Құрбан.