Ауданда халықтың әл-ауқатын арттыру мен экономикалық өсімді нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде кейінгі жылдары әлеуметтік нысандар салынып, бірқатары жөндеуден өтіп, халық игілігін көруде. Олардың қатарында денсаулық сақтау, спорт, білім беру, мәдениет салаларына тиесілі нысандар баршылық. Дамудың даңғыл жолына түскен аймақта мұнан да өзге ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы болжаммен орындалады деп күтілуде. Енді қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуына келер болсақ, өнеркәсiп кәсiпорындары 19,8 миллиард теңгенің өнімдерін өндіріп, физикалық көлем индексi өткен жылмен салыстырғанда 101,0 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің негізгі көлемі, яғни 18,9 миллиард теңгенің өнімдері тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндірілген. Қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі – 7,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 177,1 пайызға орындалған.
Барлық салада даму бар. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тың серпілістер анық байқалады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов үстіміздегі жылдың ақпан айында өңірдегі аз қамтылған және көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін айтқан болатын. Жалпы, облыс бойынша көп балалы отбасыларға бірнеше жатақхана салынады. Ол көп балалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін болады.
Осы жылдың өзінде жеке кәсіпкерлер көп балалы бірқатар аналарға баспана кілтін табыс етсе, облыстың 80 жылдық мерейтойына орай және Тұңғыш Президент күні аясында Жаңатас қаласындағы коммуналдық көп қабатты тұрғын үйден коммуналдық меншіктегі пәтер алу кезегінде тұрған 70 көп балалы аналар жатақхана ретінде баспанамен қамтылды. Бұл пәтерлер негізінен әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасыларға берілетіні белгілі.
Бүгінгі таңда Жаңатас қаласында коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1958 азамат тізімде тұр. Жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейіп келеді.
Осы мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Жыл соңына дейін бір шағын аудандағы 120 пәтерлі тағы бір көп қабатты үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жаңа құрылыстар қала келбетін жақсартып, ажарына ажар қосумен қатар, көптеген отбасылардың баспаналы болуына мүмкіндіктер туғызады. Міне, соның дәлелі ретінде ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған азаматтар жаңа қонысқа ие болуда.
Ауданда инвесторлар тартуға біршама мүмкіндіктер жасалған. Қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 27,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 140,4 пайызға орындалды. Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай табыс бар. Жыл өткен сайын аймақта мал саны көбейіп, тиісінше ет және сүт өнімдерінің көлемі артуда. Бұл, әрине, тұтынушының табиғи өнімге қолжетімділігін арттырса, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің кәсібін өрге бастырары сөзсіз. Қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығында өндiрiлген өнiм ағымдағы бағалармен есептегенде 11,6 миллиард теңгенi құрады.
Келер жылдың өнімі үшін 3150 гектар жерге күздік бидай себілді. Егістік жерге 617 гектар қосылып, суармалы жерлер 400 гектарға ұлғайды. Күзгі егін жинау науқанында 7100 гектар масақты дақылдар орылды. Күздік бидайдың әр гектарынан өнім 18,5 центнерден және жаздық арпа 19,6 центнерден айналды. 14,0 мың тонна астық қамбаға құйылды. Майлы дақылдардан әр гектарынан 7-8 центнерден өнім алынды. Алынған өнім өңдеуші кәсіпорындарға өткізілді. Егін орағын ауыл шаруашылығы құрылымдары уақтылы жүргізді. Ораққа 28 астық комбайны, 30 автокөлік және 20 трактор тіркемелерімен қатысты.
Төрт түлік басы жыл сайын өсуде. Десек те, мәселелер де жоқ емес. Биыл кейбір шаруалар қойдың орнына жылқы мен түйе ұстауына байланысты қой басы кеміп кетті. Мүйізді ірі қара малын селекциялық асылдандырумен айналысатын шаруашылықтардан бордақылау алаңдарына 375 бас бұқашық өткізілді. «Меркі ет комбинаты» мен «Оңтүстік халал тағамдары» кәсіпорны арқылы 3383 бас қозы еті сатылып, 60 тонна ет экспортталды.
Мал басын асылдандырумен «Елдос-2004», «Ынталы», «Раш», «Сәт-Сағын», «Бірлік», «Тәуекел», «Айтуған» және «Абылай» шаруа қожалықтары нәтижелі түрде айналысып жүр.
2019 жылдың қаңтар-қазан айларында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 64,7 миллион теңгенің 6 жобасы қаржыландырылған. Оның ішінде 2 жоба 27,0 миллион теңге субсидия алған, 2 жоба 7,7 миллион теңгенің кепілдік беру тетігін қолданған және 1 жоба 1,5 миллион теңге гранттық қаражатқа қол жеткізген. Сонымен қатар Байқадам ауылдық округіндегі «Ынтымақ» шаруа қожалығына электр желісін тартуға — 28,5 миллион теңгенің несиесі мақұлданған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 104,9 миллион теңгенің 30 жобасы, «Саудакент» несие серіктестігі арқылы 43,6 миллион теңгенің 11 жобасы және екінші деңгейлі банктер арқылы 53,0 миллион теңгенің 4 жобасы қаржыландырылды.
Есепті кезеңде жұмыспен қамту бойынша уәкілетті органға 2027 адам жұмыс сұрап өтініш білдірді, оның ішінде ауыл тұрғындары 1265 адам. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау іс-шараларымен 2001 адам қамтылды (2018 жылы – 2 029 адам).
Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 406 адам жолданып, 109835,0 мың теңге төленді.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жыл басынан 175 жас маман уақытша жұмыспен қамтылып, 48481 мың теңге қаржы төленді. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытында жыл басынан 153 жұмыссыз азамат уақытша жұмысқа орналасты. Игерілген қаржы 10368,0 мың теңге. Әртүрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға 200 адамды жолдау жоспарланған. Қазіргі таңда 223 адам жолданып, 35596,0 миллион теңге қаржы игерілді. Оның ішінде 4 мамандық бойынша 128 азамат оқуын аяқтады, 8 мамандық бойынша 95 адам оқуда.
Ауданда жалпы білім беретін 27 мектеп, 10 қосымша білім беру мекемелері, 11 балабақша және 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. 2019-2020 оқу жылы 547 сыныптағы 8 879 оқушымен басталып, өткен оқу жылымен салыстырғанда жалпы оқушылар саны 241-ге артты. 2018-2019 оқу жылында 1-10-сынып оқушыларынан 8 365 оқушының 7779-ы (91,1 %) жазғы сауықтырумен қамтылды.
Түйіп айтсақ, өңірде атқарылған жұмыстар аз емес. Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қанатбек МӘДІБЕК,
Сарысу ауданының әкімі