Тараз қаласындағы НИШ оқушылары демалыс күндерін пайдалы өткізуде

0 16

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары демалыс күндерін пайдалы өткізуде, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Наурыз мерекесіне орай олар «Қош келдің, Наурызым!» атты ән айту, сурет салу, Наурыз мейрамына тілек білдіру, эссе жазу, қазақ салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын түсіндіру, аспаздық өнерден (наурыз көже, құрт, жент, бауырсақ дайындау) шебер сыныптарын өткізу, қолөнер бұйымдарын жасаудан өз іскерліктерін көрсетіп дистанционды жарысқа түсуде.

Байқау талабына сай, жұмыс процесін оқушылар видео және фотоға түсіріп, қазылар алқасы мүшелерінің электрондық поштасына жібереді. Айта кету керек, байқауға ата-аналар да белсенді қатысуда.

– Бұл Наурыз мерекесін үйден шықпай-ақ тойлауға және карантин кезінде баламен уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Жыл сайын мерекелік дастарханға отбасымызбен Наурыз көже әзірлеп, бауырсақ пісіреміз. Неге бұл процесті видеоға түсіріп алып, жарысқа қатыспасқа, – деп атап өтті сегізінші сынып оқушысының анасы Дина Асрымбетова.
Тараз қ. НЗМ директоры Тимур Нұркешовтың айтуынша, мектеп каникул кезінде балалар мен ата-аналармен байланысты жоғалтпауға тырысуда.

– Байқаудың мақсаты оқушылардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы ұйымдастыруға және оқушылар мен ата-аналарды бір іске жұмылдыруға бағытталған. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты үйрету көзделген, – деді мектеп басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.