Ұлттық өнер ұлықталған іс-шара

0 23

Тұрар Рысқұлов ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры»  бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтар ұлықталып, түрлі форматта ауқымды шаралар атқарылуда , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.



Сондай мазмұнды шара «Ұлттық өнер-рухани қазына» тақырыбымен аудан әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылды.
Басты мақсат-ұлттық өнерді насихаттау арқылы қазақстандық патриотизмге баулу, өзге этнос өкілдеріне ұлттық өнерді үйренуді насихаттау,домбыра мен қобыз аспаптарын үйрену,халықтар арасында достық пен татулық,келісім мен бірлікті насихаттау.

Іс-шара аясында Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздары мен Мұқан Төлебаев атындағы музыка мектебі ұстаздары концерттік бағдарлама даярлап,оған даму мүмкіндігі шектеулі ерекше жандар Ә.Б.Әшімова,Х.А.Кеупова,А.Оразбекқызы да өз үлестерін қосты.

«Сұлутөр»фольклорлық ансамблі күмбірлете күй тартса, «Құлан сазы»фольклорлық ансамблі әуелете ән шырқап, «Әдемі-ау»халықтық ән-би ансамблі дөңгелене би биледі.
М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің домбыра үйірмесі оқытушысы Айман Сұлтанбергенова ұйғыр қызы Касымова Гузальға, қобыз үйірмесі оқытушысы Айшабибі Орманова кәріс қызы Ян Анастасияға домбыра мен қобыз тартудың тәсілдерін үйретіп,жиналған қауымға шеберлік сағатын өткізді.

«Домбыра-ұлттың ұлылығы», «Қобыздың шығу тарихы» тақырыбымен өткен мазмұнды шеберлік сағатының шараға қатысушыларға берері мол болды.
Аталған мектептің ұстаздары Күлтасова Айдана мен Жиенбетова Лескүл ұлттық аспаптар көрмесімен таныстырып,әр аспап туралы деректерді жария етті. Аудандық тарихи-өлкетану музейі де ұлттық аспаптардың көне тарихын таныстыратын тақырыптық көрмесін ұсынды.

Көрерменге әр аспаптың шығу тарихы мен қолданылуы бойынша ақпараттар айтылды.
20 жылдан аса тарихы бар «Әдемі-ау»халықтық ән-би ансамблінің мүшелері қазақ биінен элементтер көрсетіп,би үйрену шеберліктерін насихаттады.
Ұлттық өнерді насихаттау мен ұлықтауда белсенділер қатарында аудан жастары да көрінді.

Шара ашық аспан астында қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов ескерткіші алдында өтіп,барлық санитарлық талаптар мен карантиндік шектеулер қатаң сақталды.

Ел руханиятын дамытуға үлес қосуда осындай игілікті шарада ауданның этномәдени бірлестіктері де белсене атсалысты.Әсіресе орыс этномәдени бірлестігі жанындағы «Сударушка» халықтық ән-би ансамблінің жас мүшелері шара аясында ерекше белсенділігімен көзге түсті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.