ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына 2020 жылы оқуға түсу ережесіне енгізілген өзгерістер туралы
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша құжаттарды қабылдау 2020 жылғы 1 қаңтар-10 шілде аралығында жүргізіледі.
Оқуға түсу үшін қойылатын талаптар:
- Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі кем дегенде 1 жыл болуы;
- Ағылшын тілін қажетті деңгейде білуі.
Оқуға түсуге қажетті құжаттар тізімі:
- Өтініш
- Жоғары білім туралы құжаттың көшірмесі
- IELTS/TOEFL сертификатының көшірмесі немесе APTIS-ке тіркеу
- Еңбек қызметін растайтын құжат
- 086-У нысанындағы медициналық анықтама
- Мемлекеттік органның жолдамасы
- Үміткердің жазбаша жұмысы:
Магистратура үшін – мотивациялық эссе, пән бойынша эссе
Докторантура үшін – эссе, зерттеу жұмысының жоспары (research proposal)
Академияда білім алудың артықшылықтары:
- лауазымдық жалақы көлеміндегі стипендия
- кәсіби және тұлғалық құзыреттілікттерді арттыру
- әлемнің жетекші сарапшыларымен тағылымдамадан өту мүмкіндігі
- академиядағы оқу уақыты мемлекеттік қызмет өтіліне қабылданады
- жұмыс орны сақталады
Академия жыл сайын магистратура мен докторантураға оқуға түсу форматын жетілдіріп отырады. Биылғы жылы іріктеу келесідей тәртіпте өткізіледі:
- ағылшын тілінің деңгейін анықтау (APTIS, Duolingo);
- жазбаша жұмыстарды бағалау (эссе/ зерттеу жұмысының жоспары);
- кейсті шешу және әңгімелесу;
- мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтауға арналған тестілеу;
- құзыреттілікті бағалау (оқуға қабылданғаннан кейін).
Пандемияға байланысты Академия аталған кезеңдердің барлығын ОНЛАЙН түрде өткізуге шешім қабылдады.
Ағылшын тілі бойынша APTIS тестілеуі 2020 жылғы 26 маусымда және 17 шілдеде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында офлайн форматта, сондай-ақ, арнайы белгіленген сайтта онлайн түрде өтетін болады. Жазбаша жұмыстарды бағалау кезеңі онлайн форматта, Академияның бірыңғай платформасында жүргізілетін болады. Үміткерлердің жазбаша жұмыстарын сыртқы және ішкі сарапшылар бағалайды.
Әңгімелесу кезеңі 2020 жылдың 20-31 шілдесі аралығында қабылдау комиссиясы бекіткен кестеге сәйкес онлайн форматта өткізіледі.
Биылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге өндірістен қол үзбей сапалы білім алуға мүмкіндік беру мақсатында «Өңірлік даму» бағыты бойынша магистратураның бір жылдық бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама модульдік оқытуды көздейді, онда Академиядағы интенсивті сабақтармен қатар қашықтықтан оқыту үйлеседі.
Сондай-ақ, Академияда оқыту үш тілде жүргізілуіне байланысты осы жылғы іріктеу кезеңіне ерікті түрде қазақ тілінен қосымша тестілеу енгізілді. Үміткерлер ерікті түрде тест өткеннен кейін мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі анықталып, оларға тілдік дағдыларды арттыру мақсатында ұсыныс жасалады.
Оқуға түсуге құжаттарды www.apa.kz сайты, Egov.kz порталы арқылы онлайн және қолма кол тапсыруға болады. Іріктеу нәтижесі 7 тамызда белгілі болады.
Абенов Асқарәлі Амангелдіұлы, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі