Сарысулықтар тұрмысы төмен отбасыларға асарлатып үй салуды бастады

0 17

Сөзден гөрі іске жақын Сарысулықтар асарлатып баспана тұрғызып жатыр.
Аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үйдің құрылысы әр ауылылдарда бой көтеруде. Көпшіліктің көмегімен іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылуда.
Игі бастамаға ауылдардың тұрғындары да атсалысуда.

Сарысулықтар асарға қатысып, ауызбірлік танытуда. Бірі тас әкеліп төксе, енді бірі топырақ пен цемент алып беруде. Кәсіпкерлер есік-терезе, басқа да қажетті материалдармен қамтамасыз етуде.
Ал, ауыл тұрғындары құрылысқа кезектесіп атсалысуда.
Жалпы бүгінгі таңда Жаңатас қаласындағы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1807 азамат тізімде тұр.
Олардың ішінде:
4 азамат жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында, 164 азамат көп балалы отбасы санатында.
918 азамат әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар санатында.
720 азамат бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында.
1 азамат жалғыз үйі апатты жағдайда санатында есепте тұр.
Жыл басынан бері 206 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелсе, түгендеу жұмыстары нәтижесінде 523 азамат кезектен шығарылды.
Ағымдағы жылдың 22 маусымында облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің №110 хаттамасына сәйкес халық саны мыңнан асатын елді мекендерде тұратын баспанасы жоқ отбасыларды анықтап, оларға «асар» тәсілімен тұрғын үйлер салу мәселесін қарастыру тапсырылған болатын.
Осы орайда, аталған тапсырмаға сәйкес Сарысу ауданы бойынша қажеттілігі зерделеніп, нәтижесінде төрт ауылдық округ таңдалып алынды.
Атап айтқанда Түркістан, Жаңаталап, Тоғызкент және Жайылма ауылдық округтерінде баспанасы жоқ отбасыларға «асар» тәсілімен тұрғын үй салу жоспарлануда.
Жаңаталап ауылдық округі Ұйым ауылы тұрғындары тарапынан қаржы жинақталып, 1 жалғызбасты анаға тұрғын үй асарлатып салынуда. Қазіргі таңда үйдің қабырғалары көтерілуде.

Ал, Тоғызкент ауылдық округі бойынша ауыл тұрғыны көпбалалы анаға ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтары осы отбасына өздерінің көмек қолдарын созып (Асар жасап), көмектесуді ұйғарды. Қазіргі кезде ауыл жастары ұйымдасып, ішкі қабырғаларына сылау, еденіне бетон құю және жылыту жүйесін жасау жұмыстарын атқаруда.

Сонымен қатар Түркістан ауылдық округі бойынша тұрмыстық жағдайы аз қамтылған, көп балалы отбасына сый ретінде үй іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті.

Жайылма ауылдық округі бойынша жалғыз басты анаға да осындай көмектер көрсетілмек.
Жақсы істердің басы-қасында жүрген азаматтарға Алланың нұры жаусын дейміз.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.