Жамбыл облысында картоп алқаптары пилоттық жоба арқылы ұлғайтылмақшы

0 3

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Жуалыда картоп көлемін көбейту мақсатында пилоттық жобалар жүзеге аса бастады. Енді жуалылық егінмен айналысатындарға Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының атынан біршама жеңілдіктер қаралып отыр, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы енді шаруаларға жаңа техника үлестіретін болады. Ал, картоп тұқымы басқа аймақтардан жеңілдетілген бағада алынып, шаруаларға беріледі.

Сондай-ақ, «Алқаптан сөреге дейін» жобасы іске қосылады. Яғни, корпарация шаруалардан өнімдерді сатып алып, дүкенге өздері жеткізетін болады.

Жуалы ауданында картоп өнімділігін арттыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сол жобаға бізде қатыссақ деген ниеттеміз. Жаңа техника, ұрық алуға Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтінім бердік, — дейді шаруалардың бірі Бауыржан Тәжіханов

Сондай-ақ, 35 жылдан бері иығынан кетпен, қолынан күрек тастамаған қария Серік Садиров биыл 10 соттық жерден 25-30 тонна өнім алуға ниетті. Ал, бұл бастамаға өзінің қуанышын жеткізді.

Бізге жеңілдікпен жаңа техника алып береміз десе әрине қуанамыз. Осы жоспар іске асып жатса, шаруалардың атынан облыс әкіміне үлкен алғыс айтқымыз келеді, — деді қария.

Ауданда картоп егумен айналысатын 45 шаруа бар. Ал, жоба арқылы өтінім берген шаруаларға тиесілі техника мәселесін мамандар көп созбай шешеміз деп отыр.

Қазіргі таңда Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы атынан құны 216 млн. теңге болатын 50 техника мақұлданды. Алдағы екі аптада кортоппен айналысатын шаруаларға үлестірілетін боламыз, — дейді Тараз микроқаржы ұйымының басшысы Нұрлыбек Исаев.

Бұған дейін ауданда 60 000 тонна картоп жинап келген шаруалар енді, 90 000 тонна жинаймыз деп жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының төртінші бағыты — ауыл шаруашылығы кооперативін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағытқа 1 070,9 млн. теңге қаралып, оған пилоттық 11 ауылдық округтерде құрылған кооперативтерге қажетті техникалардың 29 түрінен 194 дана техника алынған болатын. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сұраныстарына сәйкес Жуалы ауданы, Бәйтерек ауылындағы «Атамекен Бастау» кооперативіне – 19 дана ауыл шаруашылығы техникалары берілген болатын.
Leave A Reply

Your email address will not be published.