Жамбыл ауданында білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

0 21

Жамбыл ауданының Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде «Білім беру саласы: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында аудандық білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті, — деп хабарлайды  «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Білім ордаларының оқу жылында бағындырған белестері, облыстық, республикалық деңгейдегі жетістіктері мен білім саласының әлеуеті талқыланған басқосуға аудан әкімі Сәкен Арубаев қатысты. Сондай-ақ, кеңесте білім деңгейінің аяқ алысы мен жаңа оқу жылындағы өзгерістер туралы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова баяндама жасады.

– Үстіміздегі жылы біздің саланы одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын «Қазақстан Республикасы білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бекітілуі, «Педагог мәртебесі» туралы Заңның қабылдануы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті шыңдауға, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға үлкен жол ашты, – деді Рашан Пернешқызы.

Ауданда жаңа оқу жылында 16701 оқушыны қамтитын 38 мектеп жұмысын бастағалы отыр. Шағын жинақталған мектептер мен оқушы саны 250-ден төмен 16 мектепте 1295 оқушы дәстүрлі түрде оқыса, 22 мектепте 15406 оқушы қашықтан оқытылатын болады. Бұған қоса, қашықтан оқытатын мектептердің бастауыш сыныптарында кезекші сыныптар ашылады. Аудандағы ғаламторы жоқ жалпы саны 1100 аз қамтылған отбасылардың сұранысына сәйкес, аудандық бюджеттен 21 млн 120 мың теңгеге 1100 роутер сатып алынған. Аудандық білім ордаларының теңгеріміндегі 2093 компьютер уақытша оқушыларға қолданысқа берілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы ҰБТ-ге қатысқан 471 түлектің 276 грантқа ие болған. Оқушыларды оқулықпен қамту үшін 190 млн теңгеге 114697 дана оқулық сатып алынып, мектептерге таратылды.

Ал, пандемияға байланысты мұғалімдер мен оқушылардың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен қосымша қаралған қаражатқа 309 жылжымалы кварц, 46 дезинфекциялық тунель жабдығы мен залалсыздандыру төсеніші, 49 тепловизор құрылғысы, 2470 литр антисептик сұйықтығы сатып алынды.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылына Түрксіб ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұған қоса, мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен бой көтерген 100 орындық жаңа мектеп пен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қайта жаңғыртылып жатқан «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының» игілікке беріледі.

Кеңесте аудан әкімі Сәкен Арубаев аудан абыройын асырған мұғалімдерге алғысын айтып, кеңінен сөз қозғады.

– Тамыз кеңесінде біз мұғалімдерімізді түрлі саладағы жеткен жетістіктерімен қатар біліктілік деңгейінде байқап отырмыз. Расымен де үстіміздегі жылы білім саласы аудан атын асқақтатты. Осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген барша ұстаздар қауымына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Құрметке лайықсыздар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз алдаңы уақытта мемлекеттің алдынан шығатыны анық, – деді Сәкен Қаланұлы.

Бұдан кейін ұлағатты ұстаздар марапатталды. Атап айтар болсақ, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зухра Усенбаева «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісін, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Светлана Абдрахманова «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақса, білім саласына сіңірген көп жылғы жемісті еңбегі үшін Ә.Әйтиев орта мектептің тарих және география пәнінің мұғалімі Раушан Құрманалиева, Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Несіпкүл Әліқұлова, №1 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Сандуғаш Монтаева, А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Кусева, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәні мұғалімі Гулина Элгонова, Б.Кейкиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнәз Абдрасилова аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының әлеуметтік педагогы Сарагүл Абатова, Амангелді атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сәуле Майкенова, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Калила Исмайлова, Айшабибі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құралай Райымбекова, Ә.Әйтиев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Ыхынова, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының химия, биология пәнінің мұғалімі Нұржан Дубанов, Төле би атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғани Садықов, М.Төлебаев атындағы өнер мектебі директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Сейділдаева, А.Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Майра Панеева, Ю.Гагарин мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Гүлвира Оразалиева иеленсе, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің физика-математика пәнінің мұғалімі Камилә Тәжіқұлова, В.Чкалов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзира Омарова, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ұлмира Серкебаева, Абай атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Шынар Жолтаева, Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің жанынан ашылған «Еркетай» шағын орталығының әдіскері Гүлшат Төлендиева, Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі Кәмилә Күленова, Айшабибі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айнаш Таңатарова, Еңбек орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ардақ Омарова, М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің музыка мамандығының мұғалімі Гүлбану Алпамысова, Жасөркен орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сандуғаш Қойшыбаева ҚР Білім және ғылым министрлігің Алғыс хатымен салтанатты жағдайда марапатталды.

Жиында санитарлық талаптар қатаң сақталып, топталып орналаспау үшін орындықтарға шектеу ленталары жапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.