Сәкен Арубаев құрылыс басында

0 16

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысты, деп жазады “ZhambylNews” AA.

Аудан әкімі бастаған топ құрамында орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен тұрғын үй-комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары Қайрат Тілеубаев пен Елдос Кеңесбеков болды.

Алдымен Сәкен Арубаев мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Аса ауылындағы 5 қабатты 76 пәтерлі үйдің құрылысын бақылап, жұмыстың қарқынды әрі сапалы жүргізілуін бақылауда ұстау керектігін алға тартты.

Ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетовтың айтуынша, «Бином» ЖШС бастаған құрылысқа 525 млн 270 мың теңге мемлекет қазынасынан аударылған. Бүгінде ғимараттың терезе, есіктері орнатылып, сыртқы жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан кейін тексеріс тобы Жамбыл ауылындағы құны 415 млн 368 мың теңгені құрайтын білім ордасына барып, шикі тірліктің куәгері болды.

Құрылыс алаңында пайдаланылған қапшықтар мен ағаштардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Оның үстіне жұмыстың аяқ алысы шабыстың жорғасына мінген. Келбетсіз көрініске көз жүгірткен аудан әкімі Сәкен Қаланұлы сондағы жауапты мердігерге:

– «Жаман аяқ төрді былғайды» деген нақыл сөз бар. Айналаға зер салсаң, көзге оғаш көрінетін дүние көп. Құрылысшылардың өздері шалынысып әзер жүр. Уақыттан әжептеуір қалып келе жатырсыздар. Сапаға әлі көз жүгірткен жоқпыз. Әрине, табалдырығына табан тіреп, төрлеткіміз келмей қалды. Ел игілігіне тапсыратын күнде алыс емес. Аталған кемшіліктерді жедел қолға алу қажет. Келесі апта осы нысанға тағыда қайырылатын боламыз, – деп басып айтты.

Жалғасын тапқан зерделеу тобы Қаратау ауылындағы жуалылық «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған ауызсу мұнарасының басында бас қосты. Ауылішілік көшелерге суқұбыры толықтай жүргізілген.

– Жалпы Қаратау ауылының таза ауыз сумен қамту үшін 305 млн 911 мың теңге мемлекеттік бюджеттен бөлінді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ауызсу мұнарасының айналасын қоршау жұмыстары да аяқталды. Келесі айда халықты таза ауызсумен қамтуды жоспарлап отырған жайымыз бар, – деді аудан әкімдігі тұрғын үй-комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Қыдырбекұлы.

Мұнан соң Бәйтерек ауылындағы 325 млн 251 мың теңгені ел игілігіне жұмсап жатқан «Пырақ-Құрылыс» ЖШС мен Ақбұлым ауылына 717 млн 212 мың теңгеге «Агростроймаркет-2003» ЖШС және Қызылқайнар ауылына жүргізіліп жатқан ауызсу жүйесінің ағымдағы жағдайымен танысқан аудан әкімі Сәкен Арубаев жұмыста ілгерілеушілік байқалатынын айтып, сапаға айрықша көңіл бөлу керектігін тағы мәрте еске салды.

Сондай-ақ аудан басшысы шекара шебінде заңсыз малдарды қамауға арналған пунктінің жұмысымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Күдербайұлының айтуынша, құрылысқа 31 млн 200 мың теңгеге бөлінген. Бүгінгі таңда айналасы қоршалып, күзет баспанасы бой көтерген екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.