Тұрар Рысқұлов ауданындағы қарқынды жеміс бағынан биыл 13 тонна шие, 208 тонна алма жиналды. Өнім көлемін ұлғайту үшін бағбандар су үнемдеу технологиясын қолдануда. Аталған бағыттағы жұмыстар туралы аудан әкімі Ерболат Садырқұлов баспасөз мәслихатында баяндады, деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Қазірде мұнда соңғы жылдары аудан шаруашылықтары өнімділік деңгейін арттыру мақсатында техника паркін жаңалауға баса бет бұруда. Жыл басынан бері 1120,4 млн. теңгеге 143 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынған.
Аудандағы дихандар тамшылатып суару әдісінде қолдана отырып, өнім көлемін ұлғайтуға бет бұрған. Қазір «Агропарк Құлан» интенсивті бақ жобасы жүзеге асырылуда. Оған 528 гектар жер көлемі берілді. Жобаның жалпы құны — 16,5 млрд. теңге. Бұл бақтан жылына 1900 тоннаға дейін өнім жиналады деп жоспарлануда. 300 адам жұмыс жасауға арналған жоба 2020-2021 жылдары іске қосылып, толық қуаттылығына шығады.
Аталған қарқынды жеміс бағы биыл алғашқы өнімін бере бастады. Биылғы жылы 13 тонна шие, 208 тонна алма өнімі жиналды.
— 2018 жылы Тереңөзек ауыл округіне қарасты жерге «KazAlma» ЖШС 50 га алма және шие ағаштарын отырғызды, тиісті жабдықтары мен қондырғылары толық орнатылды. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-де 300 га.жаңбырлатып суғару қондырғысы арқылы суғарылып, көпжылдық шөп, көкөніс дақылдары егіледі,-деді аудан әкімі ӨКҚ алаңындағы брифингте.