Тараз қаласындағы «Grand bazaar» сауда кешенінің ғимаратында кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда тұрақтандыру қорының және Мойынқұм, Жуалы аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 64,8 тонна өнімдері ұсынылды, — деп жазады «ZhambylNews» АА.
Жалпы құны 15,5 млн. теңгені құрайтын тауарлардың ішінде 4,4 тонна ет, 0,5 тонна шұжық өнімдері, 3,0 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 2,5 тонна сары май, 0,5 тонна өсімдік майы, 0,2 тонна кондитерлік өнімдер мен 1,5 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна қарақұмық, 0,5 тонна күріш, 0,1 тонна тұз, 1,3 тонна балық, 4 тонна қант, 6 тонна ұн, 0,4 тонна бал және 33,4 тонна жеміс-жидек пен көкөніс бар.
Жәрмеңкедегі өнімдер нарық бағасынан 10-25 пайызға төмен бағамен саудаланды. Мәселен, жылқы еті — 1 950 теңге, сиыр еті — 1850 теңге, қой еті — 1800 теңгеден сатылса, сүт өнімдері түрлеріне қарай 180-230 теңге аралығында, сондай-ақ, күнбағыс майының литрі — 520 теңге, қанттың келісі — 190 теңге, ара балының келісі – 1300 теңге болса, пияз, сәбіз, картоп сияқты көкөністер 60-90 теңгеден өткерілді.
Сондай-ақ, жәрмеңкеге аймақта іссапармен жүрген «Бал ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағының өкілдері арнайы келіп, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Қайрат Амановпен бірге сөрелерді аралап, сатылымға қойылған ара балының сапасымен танысты.
Айта кету керек, жәрмеңке желтоқсан айының соңына дейін сенбі күндері апта сайын бекітілген кестеге сәйкес аудандар бөлінісінде өткізіледі. Келесі аптада Жамбыл, Сарысу аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының тауарлары ұсынылатын болады.