Дүйім қазақ елінің төл мерекесі — Тәуелсіздік алғанымызға биыл 29 жыл!

0 13

Дүйім қазақ елінің төл мерекесі — Тәуелсіздік алғанымызға биыл 29 жыл! Сонау ықылым заманнан бері ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен азаттықтың ақ туын желбіретіп, сол жолда жанқиярлықпен күресті. Тәуелсіздік – шынында бізге оңай келген жоқ. Оған тарих куә.

Бүгінде міне, халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыларманы орындалды. Тәуелсіздіктің ақ таңы атты! Бұл күн қазақ елі және Тәуелсіздіктің құрдастары үшін ең ұлық мейрам. Сол Тәуелсіздік құрдастарының бірі — Жамбыл ауылының тұрғыны Еркебұлан Абасов. Ол 1991 жылы Жамбыл ауылында дүниеге келіп, 1997 жылы Абай атындағы орта мектепке тарыдай боп кіріп, 2008 жылы таудай боп түлеп ұшады. Мектеп қабырғасындажүргенде-ақ оқуда озат болған ол, Тараз қаласындағы Тар МУ-ге оқуға түседі. Онда «Автомобиль жолдарын салу және пайдалану» мамандығы бойынша білім ала жүріп, қоғамдық шараларға белсене атсалысады. Жоғары оқу ордасын 2011 жылы аяқтаған соң, алғаш еңбек жолын Жамбыл ауылдық округі әкімінің іс-жүргізушісі болып бастайды. Бүгінде жастарға қойылатын талаптың өте жоғары екенін сезіне білетін Тәуелсіздіктің құрдасы, 2012 жылы «Нұр Отан» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы болып сайланады. 2013 жылы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры қызметінде абыроймен атқарады.

Еркебұлан: «Еліміздің өсіп өркендеуі үшін, жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Қандай мамандық иесі болса да, өз ісіне жауапкершілікпен қараған адамның, жетер жетістігі де өте көп болмақ»- деген ұранды сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған.

Шыныменде ол еңбекке етене араласқанының арқасында 2016 жылы Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты болып сайланса, 2017 жылы Мойынқұм ауданы Хантау ауылдық округінің әкімі болып тағайындалады. Жауапкершілігі мол аталмыш қызметтерді абыроймен атқара білген ол 2019 жылы Республикалық мәндегі «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жол құрылысында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Ал бүгінде кейіпкеріміз, аудандық  Жастар ресурстық орталығының  ұйымдастыру бөлімінде басшылық қызметте.

Міне, 29 жылда Тәуелсіз мемлекетіміз көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дами түссе, Тәуелсіздіктің құрдасы Еркебұланда жоғарыда аталған қызметтерді жауапкершлікпен атқара жүріп, Тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлесін қосты, һәм аянбай еңбек ете білді. Ендеше барша қазақ елін және Тәуелсіздік құрдастарын ұлық мерекемен құттықтай отырып, «Тәуелсіздіктің құрдасы болу – бір бақыт. Отанымыздың даңқын асыру – біздің міндет. Біздер үшін бұл – ұлы мереке» деген Еркебұлан Абасовтың өз сөзімен айтар ойымыздың негізін түйіндедік.

Уалихан ЖАЙЛАУ

Leave A Reply

Your email address will not be published.