Тәуелсіздіктің 30 жылдығын Жамбыл ауданы жоғары деңгейде атап өтеді

0 8

2020 жылы Жамбыл ауданында атқарылған жұмыстар және ағымдағы жылғы өзгерістер туралы бүгін аудан әкімі Сәкен Арубаев әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Бүгін әкімдіктің мәжіліс залында ауданның 2020 жылы әлеуметтік-экономикалық дамуы және индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы алқа мәжілісін өткіздім.

Өткен жылы ауданымызға қомақты қаражат бөлініп, халық қажетін өтеу жолында бірқатар игіліктерді жүзеге асырдық. Мәселен, Аса ауылында дене шынықтыры-сауықтыру кешені аяқталып, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының жанындағы ескі жатақана «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» болып түледі. Қаракемер ауылы «көгілдір отынмен» сүйіншіленді. Халықтың сұранысы бойынша осы ауылда өнер ордасының құрылысы өз мәресіне жетті. Қырғыз елімен шекаралас жатқан Қаратау ауылына таза ауызсу жүйесі мен байланыс операторы орнатылса, Қызылқайнар ауылы тіршілік нәрімен қамтылып отыр. Былтыр өнерге деген ықыласы ерекше жалпақтөбеліктердің көптен күткен тілеуі қабыл болды. Ауылға 180 орындықты Мәдениет үйі салынды. Ал, Түрксіб ауылында 300 орындықты мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында есігін айқара ашты. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауданда жыл ішінде 14 үй мұқтаж деп танылған отбасыларға берілді.

Бұдан бөлек ауылішілік көшелерге жол жабындысын төсеу, аббаттандыру, көше жарықтандыру жұмыстары көптеген ауылға жүргізілді. Осылайша, ауданымызда ауыз толтырып айтатын жұмыстар жыл ішінде атқарылып отыр. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Аудан әлеуетін көтеру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ағымдағы жылы да аянбай еңбек ететін боламыз.

Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын кеңінен насихаттау керектігін, жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншіліктің ерең үлгісін қалыптастыру кажеттігін айтқан болатын. Еліміз үшін, әр қазақстандықтар үшін маңызды датаны ауданымыз жоғары деңгейде атап өтетін болады.

Осы жылы аудан орталығында көпқабатты пәтер, Бесжылдық ауылында көк байрағымыз желбіреген аллея, Жамбыл ауылында 100, Айшабибі ауылында 300 орындықты мектеп, Ақбұлым, Жасөркен, Шоқай, Бәйтерек ауылдарына таза ауызсу, Ащыбұлақ, Өрнек, Тастөбе, Еңбек ауылдарын газбен қамтып, қастерлі мерекемізге тарту жасайтын боламыз. Бұдан бөлек басқа да құрылыстарды, ауқымды жұмыстарды әдеттегідей назарларыңызға ұсынамыз. Сонымен қатар ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына атқарылып жатқан құрылыстар мен игіліктердің сапасына айрықша көңіл бөлу, бірлесіп жұмыс жасау керектігінде осы алқа жиналысында тілге тиек еттім» — делінген Жамбыл ауданы әкімінің жазбасында.

(Материал аудан әкімінің әлеуметтік парақшасынан алынды)

Leave A Reply

Your email address will not be published.