Өңірде адвокаттар саны артқан. Соңғы жылдары Жамбыл облысындағы адвокаттардың санының тұрақты өсу динамикасы байқалады. Қазіргі кезде аймақ бойынша адвокатардың саны 224-ке жетті. Ал, нотариустардың қызметтеріне енгізілген өзгерістерге сай енді тұрғындардың кейбір талабын сот емес, нотариус қарайтын болады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Ермек Алтынбеков айтты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Спикердің сөзінше, облысымыздағы барлық 10 аудан 100 пайыз адвокаттық қызметпен қамтамасыз етілген. Ал, заң көмегінің сапасын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылып отырған айтып өтті.
— Адвокаттардың өз біліктілігін арттыру және кәсіби ұйым бекіткен ереже мен стандарттар бойынша заң көмегін көрсету міндеттілігі енгізілген. Әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң консультантынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алуда. Бұл көмек өтініш жасаған уақыттан бастап іс бойынша шешім қабылданғанға дейін көрсетіледі. Жамбыл облысында былтыр 9702 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді, — деді Е. Алтынбеков.
Брифинг барысында бас спикер нотариустардың қызметтеріне өзгерістер енгізілгеніне тоқталып өтті. Бұрын соттар қараған 9 даусыз талаптарды шешу қызметі нотариустарға берілген. Енді енгізілген өзгерістердің нәтижесінде азаматтар жалақыны, коммуналдық қызметтер берешегін, жалға алу төлемдерін өндіріп алушылар сотқа жүгінбей, нотариустар арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, аймақ бойынша 175 нотариус қызмет атқарарады. Олармен былтыр 336 071 нотариалдық іс-әрекеттер жасалынған. Осы жұмыстарға орай облыс бюджеті 116 млн. теңгеден астам сомаға салық түрінде толықтырылған.