Жамбылда қылмыс саны азайып, ашылу көрсеткіші артты

0 15

Жамбыл облысында өткен жылы карантиндік шектеу шараларына қарамастан полицейлер қылмыс санының азаюына күш салды. ӨКҚ ақпарат алаңында осылай деген Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Мадимаров ұрлықтың алдын алу мен тергеу жұмыстарының қорытындысына тоқталды, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

— Өткен жылы біз жалпы қылмыстардың санын 31,1%-ға азайттық. Мәселен 2019 жылы өңірде 8246 қылмыс болса, оны 2020 жылы 5684-ке төмендеттік. Ал ашылу көрсеткішін 58,3%-дан 61,9%-ға дейін жақсарттық, — деді полиция полковнигі.

Брифинг барысында белгілі болғандай облыстағы әрбір үшінші қылмыс – бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі екен. Тәртіп сақшыларының тиянақты жұмысының арқасында өзгенің материалдық құндылықтарына қол салатындардың қарасы азайған. Айталық жалпы ұрлықтар саны 47,5%-ға (4400-ден 2309-ға) дейін төмендеп, ал қылмыстың ашылуы 46,7% -ке дейін (2019 жылы — 44,3%) артып отыр.

Ардақ Тілегенұлының айтуынша, ұрлықтың ең көп бөлігі облыс орталығында жасалады. Былтыр ұрлық дерегі бойынша 546 пәтер тоналса, 758 ұялы телефондарды ұрлау дерегі тіркеліпті. Қоғамдық орындар мен көліктерде қалта ұрылары көп кездесетіні белгілі. Бұл ретте былтыр кісі қалтасына қол салған 127 ұрының 53-і қамауға алынған.

Спикер сөз соңында сақшыларға көп көмегін тигізген еріктілердің де еңбегін атап өтті. Әсіресе хабар-ошарсыз кеткен адамдар табу ісінде жастардың жәрдемі тиген. Олар полицейлермен бірлесе отырып із-түссіз кеткен 130 адамның орналасқан жерін анықтаған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.