Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес, Жамбыл ауданының әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің жыл қорытындысы бойынша тұрғындар алдында есеп беру кездесулері Ерназар, Тоғызтарау, Өрнек ауылдық округтерінде өтті, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Есептік кездесу кезінде жұртшылықтың дене қызуы өлшеніп, әлеуметтік арақашықтықтың қатаң сақталуы жіті бақылауда болды. Сондай-ақ есептік кездесулер ауданның және округтердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.
Алдымен аудан әкімі Сәкен Арубаев Ерназар ауылдық округінің тұрғындары алдында жыл ішінде атқарған және алдағы жоспары туралы айтып, көпшілік тарапынан түскен сауалдарға толымды жауап қайтарды. Ерназарлықтар табысын жерден тауып, кәсібін дөңгелетіп отырғанын айтып, егістікке жетпей жүрген егінсу мәселесін шешіп беруін өтінді. Тұрғындардың сауалын назарға алған аудан әкімі Сәкен Қаланұлы суды үнемдеу технологиясы бойынша тиімді жоба қолға алынғанын және «ПУЙД» бағдарламасы аясында каналдар қалпына келтіріліп жатқанын жеткізіп, нәтижеі алдағы күннің еншісінен байқалатынын айтты.
Келесі кездесу Тоғызтарау ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауылдық клубта өткен кездесуде сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кендебай Оңғарбаев Төлеген Тоқтаров атындағы орта мектепке спорт зал қажеттігін, ауылдан өнер ордасы бой көтерсе деген өтініштерін алға тартып, басқа да ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жұртшылықты мұқият тыңдаған аудан әкімі көтерілген сұрақтар бойынша жұмыстар жүргізілетін айтып, хаттамаға енгізу қажет екенін сала мамандарына тапсырды.
Кестелік тәртіпке сәйкес соңғы кездесу Өрнек ауылында өтті. Спорт жанашыры Тамдыбек Арызбаев ауылға спорт кешені қажет екенін айтса, жергілікті жұртшылық ағынсудың байламын тауып беруді өтінді. Бұл сауалдар төңірегінде сөз алған аудан әкімі Сәкен Арубаев алдағы жоспарға енгізетін жеткізіп, ағымдағы жылы ауылдың 5 көшесі асфальттанатынын және ауылдық Мәдениет үйі бой көтеретінін баяндады.
Есептік кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев, аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижигитов, аудан әкімдігі ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Дәрмен Дәулетов, «Казсушар» РМК қызметкерлері мен бірқатар сала басшылары қатысып отырды.