Биыл облыста Жамбыл Жабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Күләш Ахметованың, Айша Көпжасарованың, Мәмбет Қойгелдиевтің және Нарша Қашағанұлының мерейтойлары өтеді. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының м.а. Сара Мадиева айтты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Спикердің айтуынша, маңызы зор мерейлі мерекелерге орай артылар жауапкершілік жүгі де жоғары. Айтулы даталардың қатарында бастысы — ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту. Осыған орай іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындық деңгейі пысықталып жатыр.
— Облыс әкімінің тапсырмасымен басқарма биылға тың жобаларды жоспарлады. Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ақпанның 22-26 аралығында өтетін апталық аясында «Жамбыл – дүлдүл, Кенен – бұлбұл» атты мерекелік концертін, Жамбылтану орталығында «Жыр дүлдүлі – Жамбыл» көрмесін ашып, Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбыловпен кездесу, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысын және жыл ішінде ақын шығармалары мен өмір жолы желісінде «Ой-хой, дүние серуен, Адам бір көшкен керуен» атты поэтикалық – композициялық қойылымын дайындап көрсету, өзге ұлт өкілдері арасында Жамбылдың өлең, жырларын мәнерлеп жатқа оқудан «Жамбыл жырлары» байқауы, т.б. шаралар жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жыл ішінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай бірқатар ауқымды жобалар іске асырылады, — деді С.Мадиева.
Сонымен қатар, биыл ұлттық өнерімізді насихаттау, жас таланттарды іздестіру, жаңа есімдердің танылуына ықпал жасау мақсатында «Домбыраның қос ішегі» облыстық дәстүрлі өнер байқауы, шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2021» жобасы, «Өнер көзі — халықта» халық шығармашылығы фестивалі өтеді. Аталған шаралар аудандардан бастау алып, облыс көлемінде ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, ағымдағы жылы «Ұлы Атлаһ шайқасы – өркениеттердің бетбұрысы» ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ қыздарының арасында ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында «Әулиеата бұрымдылары» атты байқау өтеді. Көне Тараз тарихына қатысты жергілікті өлкетанушылардың жинақтауымен жаңадан басуға 50 кітаптың жобасы дайындалыпты. Ал облыстық кино орталығы Наурыз мерекесіне байланысты атаулы күндерге арнап «Құс бегі», «Тоғызқұмалақ», «Ат әбзелдері, Ер тұрмандар», «Көкпар» сияқты қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындарын дәріптейтін және «Төрткүл» керуен сарайы туралы тарихи деректі фильмдер түсіруді жоспарлап отыр. Облыстық театрлар 16 жаңа қойылым сахналауды және карантин шаралары тоқтатылған жағдайда аудандарға гастрольдік қойылымдар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Еске салайық, былтыр театрлар көрерменге 18 жаңа қойылым сахналаған еді.