Көкталда құс еті шаруашылығы дамиды

0 16

Жамбыл облысында құс етін өндіру көлемін 55,0 мың тоннаға дейін ұлғайту мақсатында Байзақ ауданы Көктал ауылында құс еті шаруашылығын дамыту қолға алынады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” aқпарат агенттігі.

Құс еті шаруашылығын дамыту жұмыстарын Көктал ауылында орналасқан «Алель Агро» АҚ-ы қолға алуда. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, Акционерлік қоғамдыққа Көктал ауылынан 25,7 га жер телімі берілген. Құрылысты іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдар аралығы. Құрылыс толық аяқталған соң 800 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Көктал ауылында жергілікті халықпен өткізген кездесуде аудан әкімі осындай ақжолтай жаңалықты жеткізді.

Жұмыс регламентіне сай, Көктал ауылының әкімі Бақытжан Үкібаев пен аудан әкімі Нұржан Нұржігітов өздерінің есепті баяндамаларын жасады. «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаев ағын суға байланысты хабарлама жасаған соң, көкталдық тұрғындар өтініш – ұсыныстарын ортаға салды.

«Айтбек Төребаев» көшесі №8 үй тұрғыны Сауытбек Игіліков гидропоника әдісін меңгеріп, арнайы оқудан өткенін алға тартып, ендігі кезекте осы құрылғыны іске қосуға көшедегі электр жарығының әлсіздігін айтып шағымданды. Осы мәселеге байланысты аудандық электр желілерін тарату мекемесінің бас инженері Алтынбек Жамишжановқа шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.

Ауыл тұрғыны Мейрамбек Сүгіров лотоктың терең қазылып жатқанын айтып, мал суарудың қиындығын қозғады. Аудан әкімі екінші ауылда осындай өтініш айтылғанын атап өтіп, мәселенің анық-қанығын зерделеуді ауыл әкімі Бақытжан Үкібаевқа, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақжоловқа және «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаевқа тапсырды.

«Саялы» массивінің тұрғыны Темірлан Божбанов ескі мектептің қауіптілігін айтып, ауыл тұрғындарын сақтық шараларына шақырды.

— Біз бірінші сол ескі мектептің құрылысын қолға алып, жалғастырсақ па деген ойымыз болған. Бірақ, оның орнына 600 орындық жаңа мектеп салынады деп шешілді. Ал, мына ескі мектептің бүгінгі күнге дейін құжатын таба алмай жатырмыз. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ба, осы мектепке қатысты қылмыстық іс қозғалып, құжаты жоқ болып кеткен. Біз бұл ғимаратты иесіз деп танып, әділет басқармасына тіркеуге бердік. Сот бізге жергілікті атқарушы орган меншігіне берілсін деген шешім шығарып берсе, алдағы уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті халыққа жатақхана ретінде ұсыну жоспарымызда тұр. Биыл үлгермеген жағдайда келер жылы іске асыратын боламыз, — деген аудан әкімі учаскелік полиция инспекторына профилактикалық шаралар жүргізуді міндеттеді.

Мейрамбек Сүгіров көпшілік көкейінде жүрген ауыл ортасын кесіп өтетін облыстық маңызы бар үлкен жолға жол кедергісін орнату туралы өтінішіне аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Мекебаев нақты жауап беріп, мәселе оң шешімін табатынын айтты.

— Көктал ауылында көптеген жұмыстар атқарылғанына куә болдық. Мен қандай сұрақ қоятынымды білмей қалдым, бірен-саран болмаса негізгі жұмыстар орындалып отыр. Аудан әкімі мен ауыл әкімінің жылдық есебіне «жақсы» деген баға береміз, — деді Досмахан Оразбаев ауыл тұрғындары атынан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.