Өткен жылы өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 77 424 адам тартылды. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы аясында 57 381, «Жұмыспен қамту жол картасымен» 20 043 адам «екі қолға бір күрек тапқан». Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Шаймерденова айтты.
«Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қаралған 64,2 млрд.теңгеге 809 жоба іске асырылып, 19 615 жұмыс орындары ашылатыны жоспарланған. Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 9 850 жұмысқа тұрды. Жылдың қорытындысымен 808 жобада жұмыстар аяқталды. Осы жобалар аясында 20 043 жұмыс орындары құрылып, оның ішінде 10 056-сы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасты» — деп атап өтті Ә. Шәймерденова.
Спикердің айтуынша, биыл облыс бойынша шағын несиеге 602 адамға 2,9 млрд.теңге қаралған. Бүгінгі таңда бағдарлама әкімшілері тарапынан орталық атқарушы органдармен несие шарттарына қол қойылуда.
Ал қайтарымсыз гранттар беру мұқтаж азаматтар үшін бағдарламаның ең тиімді құралының бірі болып отыр.
2020 жылы Бағдарлама бойынша барлығы 7 783 адам 4,3 млрд.теңгеге грант алды. Барлық алушылардың 48,2 пайызы аз қамтылғандар мен көп балалылар болса, 24,0 пайызы – жастар.
#ӨКҚ #PСК