Жамбыл облысының тұрғыны Ақмарал Батырбекова қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп тың кәсіппен айналысуды қолға алған. Кәсіпкер алманы кептіріп қақ жасап, келісін 400 теңгеден сатылымға шығарған,-деп жазады «Zhambylnews» АА.
Ақмарал Батырбекованың «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, тың кәсіпті бастап кеткеніне екі жыл болыпты. Қазір табыстың көзі – кәсіпкерлікте. Бүгінде жеке іс бастаймын деген адамға мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілуде.
«Мемлекеттің қайтарымсыз грантын иелену үшін өте тиімді жоба ойлап табуың керек. Мен нарықта қай өнімге сұраныстың көптігін, ненің бағасы жоғары, алдымен соны зерттедім. Қарап отырсам, сауда орталықтарында кептірілген өрік пен жүзімнің бағасы қымбат екен. Бір жағынан бағасы қымбат, екінші жағынан өтімді. Содан бастап жобамды жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін кептіріп сатуды алдыма мақсат етіп қойдым. Мақсатқа жету үшін 2019 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы арнайы дайындық курсынан өттім. Сәті келгенде бизнес жоспарымды жасап, жобамды қорғап шықтым. Оның міндетті түрде қолдау табатынына сенімді болдым, өйткені «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына бұған дейін мұндай жоба түспепті.
Сөйтіп кәсібімді 2019 жылдың күзінде бастап, қайтарымсыз грантқа алған құрал-жабдықтарымды сынақтан өткіздім. Ол үшін бір кәсіпкермен келісе отырып, оның алма бағында қақ жасадым. Нәтижесі жақсы болды. Өткен жылы бір бақ қожайынымен келіс отырып оған 1 тонна қақ жасап бердім. Сөйтіп қақтың 30 пайызын өзімде қалдырдым. Қыс түскенде қақтың бір келісін 400 теңгеден өткердім» дейді кәсіпкер.
Бір айта кетер жайт, жемістің, көкөністің, балықтың кептіру технологиясы әр түрлі. Әр қайсысын әр температурада кептіру қажет. Бүгінде оның да қыр-сырына машықтанып жатыр екен ол.
Мемлекеттің грантына ие болғаннан кейін, қаржының үстіне 900 мың теңге қосып, Қырғыз Республикасынан жеміс-жидек, көкөніс кептіретін құрылғы тағы сатып алыпты. Бұл Корея елінде шығарылған бұйым болса керек. Аппарат саны төртеу, оның бірі буып-түйсе, қалғаны өнімді кептіруге арналған. Бір кемшілік, жемісті турайтын, кесетін аппаратқа кезінде қаржым жетпегендіктен, бұл жұмыстар қазір қол күшімен атқарылуда.
«Бизнестегі менің негізгі бағытым – қауынқақ жасап, оны нарыққа шығару. Енді жұбайым биыл 2,5 гектар алқапқа қауын еккелі отыр, содан қауынғақ жасау жоспарымызда бар. Сонымен қатар маңайдағы қауын-қарбыз егетін диқандармен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жалпы бұл құрылғы арқылы жеміс пен көкөністің жүзге жуық түрінен қақ жасауға болады.
Тіпті бұл құрал-жабдықтармен балық, банан кептіріп те көрдік. Алдағы уақытта кептірілген нан өнімдерін шығарумен де айналысуға ниеттімін» дейді Ақмарал Батырбекова.