Қордай ауданында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары, сондай-ақ инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Нысандарды ашу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, «Дара» қайырымдылық қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің меңгерушілері, педагогтар, ата-аналар мен балалар қатысты.
Қордай ауылындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 15 жылдан бері ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен олардың отбасыларына қажетті қолдау көрсетіп келеді.
Дегенмен осы уақыт ішінде түзету кабинетінің материалдық-техникалық жабдықталуы бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмеді.
Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ерекше балаларға қолдау көрсету мақсатында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен және облыстық білім басқармасымен ынтымақтастықта «Дара» қайырымдылық қоры аудандағы ППТК-ны заманау техникалармен жабдықтап, Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы жалпы білім беретін мектептер базасында филиалдарын ашты.
Сондай-ақ, Қордың қолдауымен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алуына тиімді жағдай жасау мақсатында аудандағы № 51 мектепте инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды. Инклюзивті білім берудің ресурстық орталығында – ата-аналарға арналған кеңес бөлімі, баланың демалыс орны, ұстаздар мен мамандардың топтық жұмыс бөлімі бар.
Жалпы өңірде инклюзияны қолдау бойынша 2 ресурстық орталық және 3 инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді.