Рамазан айында Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шәкен Ниязбеков, Шайқорық, Танты, Қапал ауылдары ішімдіктен түбегейлі бас тартып, үлгі көрсетуде. Аталмыш 4 елдімекендегі 22 дүкеннің иелері ішімдік сатуға берілген лицензияларын қайтарып берген, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Ауыл қариялары мен жалынды жастардың бастамасын тұрғындар аталған бастаманы жаппай қолдап, әр кәсіпкерлік нысанның есігін қағып, үгіт-насихат жұмыстарын жандандырды. Нәтижесінде, дүкен иелері тек осы айда ғана емес, ішімдікті мүлде сатылымға шығармайтыны туралы хабарлап, алкоголь өнімдерін сату жөніндегі лицензияларын облыстық кірістер басқармасына өткізді. Осылайша, Рамазан айы Жамбыл ауданында ерекше леппен бастау алды.
Жұртшылықтың қуанышына ортақтасуға келген аудан әкімі Сәкен Арубаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев кәсіпкерлік нысан иелерімен жолығып, бірлескен Алғыс хаттарын табыс етті.
Осындай жақсылықтың бел ортасында жүрген жастармен жолыққан Сәкен Қаланұлы:
– «Бірлескен істе береке бар» деген мақал осы ауылдың тұрғындарына қарата айтылса керек. Қасиетті айдағы бұл игілік төбемізді көкке жеткізді. Дүкен иелері ішімдікті сатпай ғана қойған жоқ, олар зорлық-зомбылықтың алдын алып, түрлі құқықбұзушылықтарды жойды, – деді.
Мұндай жан жадыратар жаңалыққа Дамир Ташқараев басшылық ететін «Ар-Рашид руханият» қоғамдық бірлестігінің үлесі ұшан-теңіз екенін жергілікті жұртшылық жақсы білсе керек. Мұны аңғарған Равиль Қуанышбайұлы:
– Жастардың мейірімділіке, қайырымдылыққа, жасылыққа бет бұруы ертеңімізді айқындап тұрғандай. Бүгінде «ішімдіксіз ауыл» атанған елді мекендердің бастамасын басқа ауылдар іліп алып кетті. Олардың қатарында Мойынқұм, Байзақ ауылдары бар. Қайырлы амалға атсалысқан барша азаматтарға шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді ол өз сөзінде.
Ауыл азаматтары еліміздің барлық елді-мекеніне осындай қайырлы амалды эстафета етіп жолдады