Биыл Тұрар Рысқұлов ауданында көгілдір отын кірмеген 18 ауылдың 11-не газ тарту жұмыстары жүргізілетін болады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Аудандағы 42 елді мекеннің 24-і көгілдір отынға қосылған. Биыл газ кірмеген 18 ауылдың 11-не (Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты, Шолақ-Қайыңды, Шөңгер, Каменка, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Жаңатұрмыс) газ тарту жұмыстары жүргізілетін болады. Сөйтіп газдандыру мәселесі аудан көлемінде толық шешімін таппақ.
Қалған 7 елді мекен (Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Сұмқайты, Қосапан ауылдары, Құмарық разъезді, Қорағаты станциясы) халық санының тиісті нормадан аз (50 адамнан төмен) болуына байланысты экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылған.
Бұдан бөлек, аудандағы 42 елді мекеннің тұрмыстық қалдықтарын шығаруға 14 полигон белгіленген. Өткен жылы оның 5-еуі ретке келтіріліп, аудан толық қамтамасыз етілді.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, жалпы өткен жылы облыстық мәндегі 3 жолға, аудандық маңыздағы 3 автомобиль жолыына орта жөндеу жүргізіліпті. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 17 елді мекеннің 91 ішкі көше жолдары орташа жөндеуден өткен. Сондай-ақ 30 көшеге жаңа жарықтандыру жүйелері орнатылып, 95 көшенің жарық шамдары ауыстырылып, 4 елді мекенде жаяу жүргіншілер жолы салынған.