Талас ауданы Тамды ауылында 67 жасқа келсе де жүгіруден жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген Жақсылық Мамырбекұлы есімді қария тұрады. Жақында ғана ол Ыстықкөл қаласында өткен халықаралық жарыста топ жарды,-деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Тамдылық Жақсылық Мамырбекұлы жүгірумен зейнет жасына шыққаннан соң ғана айналыса бастаған. Салауатты өмір салтын қалыпты дағдыға айналдырған азамат болашақта спорттың осы түрінен түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жаратынын, әрине, білген жоқ. Қазір Жақсылық аға 67 жаста. Аз уақыттың ішінде жүгіруден жеңіп алған жүлделері жетерлік. Алайда, табиғатынан қарапайып ол бағындырған белестерін алға тартып, мақтан тұтқан кезі жоқ.
Негізі Жақсылық аға-марафоншы, яғни қашықтыққа жүгіруші. 42 шақырымды жүріп өту кексе адамдарға ғана емес, жас спортшылар үшін де ауыр меже. Мұндай жарыста бақ сынау үшін адамға тынымсыз жаттығулар мен жанкештілік қажет. Мұның барлығын Жақсылық ағамыз жақсы түсінеді. Стадиондағы 400 метр жүгіру жолына күнінің бір бөлігін арнайды. Мұндай жаттығуды алдағы жарыстар үшін емес, бойдағы саулығын күту үшін жасайтын оның әдепкі әрекеті.
Жалпы, Жақсылық Мамырбекұлы бұдан бұрын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде, Санк-Петербургте, Атырауда, Алматыда тағы да басқа қалаларда ұйымдастырылған жарыстарда үздіктер қатарынан көрінген. Жуырда Ыстықкөл қаласында ұлт батыры Жұманазар Сатымқұл атындағы халықаралық жарыста жеңімпаз атанды. Оған әлемнің 35 мемлекетінен 4 мыңға жуық желаяқ қатысып, бақ сынады. Ал, еліміздің атынан шыққан тек жерлесіміз ғана. Бұл жолы Жақсылық Мамырбекұлы 42 шақырым 195 метрді 4 сағатта жүгіріп, мәре сызығын бірінші болып кесті.
— Мұндай кең көлемдегі жарысқа алғашқы рет қатысуым. Марафонды Қырғызстан Республикасының президенті де келіп тамашалады. Жеңімпаз атанғанымды білгенім жоқ. Жарыс аяқталған соң, хабарлады. Мені бастапқыда көрермендер қырғыз азаматы деп қалыпты. Кейіннен білді ғой қазақ екенімді. Еліміздің туын алып барғанмын. Марапаттау салтанатында Әнұранымыз орындалды. Өзгеше сезім билеп, көкірегімді мақтаныш кернеді,-деген жеңімпаз қолдау көрсеткен облыс әкімдігі спорт басқармасына ризашылығын білдірді.
Былтырдан бері коронавирусқа байланысты енгізілген шектеу шараларынан кейбір жарыстар өткізілмей кейінге қалғаны белгілі. Олай болмағанда жерлесіміздің талай жеңісіне куә болар едік. Ата ұстанымы ұрпақтарына үлгі. Қазір немерелері Абылайхан, Мақпал, Бақтияр, Нұрай ата жолын жалғастырып жүр. Жетістіктері де жоқ емес