Шу ауданында саябақ пайдалануға берілді

0 4

Шу ауданына қарасты Ақсу ауылдық округінде Әшімжан Тілеужанов атындағы саябақ пайдалануға берілді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Құрылысы үстіміздегі жылдың көктемінде басталған саябақты соғуға ауылдың атымтай жомарты, кәсіпкер Болат Тілеужанов мұрындық болып отыр. Айта кету керек, жалпы құны 47 миллион теңгені құраған саябақ түгелдей қоршалып, ортасына зәулім сахна тұрғызылған. Оған қоса, 600-ге жуық декоратив ағаштарының бірнеше түрі отырғызылыпты.

Саябақтың салтанатты ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімі Нұржан Календеров ақсулықтарды жаңа саябақтың ашылуымен құттықтап, жомарт түлектер — Бақытжан Тілеужанов пен оның ұлы Болат Тілеужановқа ризашылығын білдірді. Сонымен бірге дәулескер күйші, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаев та кәсіпкердің ауылдастарына жасаған жақсылығына алғыс айтты.

Саябақты салтанатты ашылуы елімізге танымал эстрада жұлдыздарының әншашуына ұласты. «Алатау серілері» тобы мен Қуандық Рахым ақсулықтардың құрметіне ән салып, ауылдықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Дәл осы күні аудан әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов аталмыш ауылдың тұрғыны, көпбалалы әке Нұрхат Түбітбаевқа 5 бөлмелі тұрғын үйдің кілтін тапсырды.

Ақсу ауылдық округі азаматтарының қайырымдылығы мен ұйымшылдығының арқасында осыған дейін үй жалдап келген бүтін бір отбасы үйлі болып отыр. Бұндай игі іске бастамашы болып, ауылдықтардың ауызбіршілігін арттырып отырған ауыл әкімі де жуық арада тұрғын үйді көгілдір отынға қосып беретіндігін жеткізді.

Осылайша, Ақсу ауылдық округінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар игі шаралар қолға алынып, жергілікті жұртшылықтың игілігіне беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның өзге де ауылдарында жалғасын таппақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.