Шу ауданында жаңадан сайланған әкімдер таныстырылды

0 10

Шу ауданының 3 ауылдық округінде әкімдер сайлауы өткен болатын. Бұл жолы бұқара алғаш рет әкімдерді өздері таңдады. Сайлау Жаңақоғам, Өндіріс, Қорағаты ауылдық округтерінде болды. Сайлауға 9 кандидат қатысты. Бүгін аталған округтерге аудан әкімі Нұржан Календеров арнайы барып, ең көп дауыс жинаған кандидаттарды таныстырды, — деп жазады “Zhambylnews” AA.

Биыл 4 сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар саны 3846 адамды құрады. Оның 84,2 %-ы дауыс берді.
Сайлау қорытындысы бойынша Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі болып «Омар-Шу» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің есепшісі Медет Рахимбаев сайланды. Ал Қорағаты ауылдық округінің әкімі болып Шу ауданы «SMEC INTERNATIONAL PTY.LTD.» компаниясының инженері Әділ Диханбаев сайланды. Өндіріс ауылдық округінің әкімі болып «РЗДИ» құрылыс ЖШС директоры Санат Карбозов сайланды.

— Халықтың қолдауына ие бола отырып, өз жұмыстарыңызды жалғастырып, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырыңыздар. Халық сенім білдірген соң, елдің игілігі үшін жұмыс істеу сіздердің басты міндеттеріңіз. Сол сенімге селкеу түсірмейтіндеріңізге үмітім зор, — деді аудан әкімі Нұржан Календеров.

Аудан басшысы бұған дейін Жаңақоғам, Қорағаты ауылдық округтерінде әкім болған Алмасбек Сәулебаев пен Найла Қондыбаеваның иықтарына шапан жауап, алғыс хат табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.