Жамбыл ауданының әкімі үндеу жасады

0 0

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында індетке байланысты тұрғындар мен тойхана иелеріне үндеу жасады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

«ҚҰРМЕТТІ ТҰРҒЫНДАР, БАУЫРЛАР!
Бүгін өздеріңізге өз өтінішімді білдіру үшін қайырылып отырмын. Қазір елімізде ғана емес, әлем халықтарында коронавирус індетінің ахуалы тым күрделеніп барады. Оның басқа да түрлері анықталып, адам өміріне үлкен қауіп төндіріп отыр.

Індеттен көз жұмғандар қатары көбейіп, оны жұқтырғандар саны күннен күнге артып келеді. Бүгінде той жасап, құда күтіп, топтап қонақ шақырып жатқан азаматтарды көріп те, естіп те жатырсыздар.

Әрине қуанышқа, біреудің шаттығын бөлісіп, тілеулес болғанға не жетсін. Бірақ бұл әрекетіміздің соңы өкінішті жағдайларға ұласып жатса, сол жиыннан біріміз мына дертті жұқтырып, оны жақындарымызға таратып жатсақ, ондай мерейтойдың мына біздер үшін қандай қайыры бар.

Қазірдің өзінде аудандық орталық ауруханада 140-тан астам адам өмір мен өлімнің арасындағы шекараны анықтай алмай, күресіп жатыр. Жансақтау бөлмесіне жеткізілген науқастар қайтыс болып, оның орнына басқа науқастар келіп түсуде.

«Сақтансаң – сақтаймын» деген саналы сөзді көкейімізге түйген халық едік қой. Отбасымыз, туыс-туғанымыз, бала-шағамыздың ертеңі үшін, елдің жарқын болашағы үшін қарапайым сақтық шараларын сақтауымыз керек. Мен осыған барлықтарыңызды шақырамын.

Отбасы ата-анасыз, бала-шағасыз қалмасын десек, дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындап, бетперде тағуды әдетке айналдырып, жұқпалы дерттің алдын алудың жалғыз жолы – вакцинаны қабылдайық.

Жақындарымызға өзімізден басқа жанашыр жоқ екенін, олардың, кішкентай балғындардың өмірін қатерге тікпейік, ағайын!

ҚҰРМЕТТІ ТОЙХАНА, МЕЙРАМХАНА ИЕЛЕРІ!

Қазақ – қалтаның қамын ойлаған халықпа еді?! Бүгінде мына дерті жұқтырғандардың басым көпшілігін тойларға, мерекелік жиындарға барғандар құрап отыр. Қаншама адам әкесіз, анасыз қалып жатыр. Мұндай алмағайып заманда мейрамхана мен тойхана иелері түсіністік танытып, елдің келешегін ойлап әрекет етуі керек деп санаймын. Кейбір тойларда бүлдіршіндерін, ата-анасын жетектеп келе жатқан ұл-қыздарды көріп жүрміз. Біз олардың өмірін неге ойламаймыз?! Айрандай ұйып отырған шаңыраққа қайғы сыйламайын десеңіздер мейрамханалар мен тойханалар есігін біржола жауып, қызмет көрсетпеулеріңізді сұранамын.
Ел азаматтарының болашағына балта шаппайық. Сақтық шараларын орындап, талаптарға бағынайық! Қуанышты бөлісетін де уақыт келетініне кәміл сенімдімін.
Отбасыларыңыз бен жақындарыңыз аман болсын!» — делінген хабарламада.

Leave A Reply

Your email address will not be published.