Жуалылық тұрғын есік алдындағы жылыжайдан күніне 60-70 келі қияр жинауда

0 13

Жуалы ауданы Ақтөбе ауылының тұрғыны Ермекбай Шынтаев үш сотық жер теліміне жылыжай салып, оған 1000 түп қияр отырғызған. Бүгінгі  таңда күніне 60-80 келі өнім жинауда, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агерттігі.

Жылыжайды салуға Ермекбай бір миллион теңге жұмсаған.

— Отбасым үлкен. Жұбайым жұмыссыз. Бала күтімімен отырып жұмыс істей алмады. Қазір ұл-қыздарымның алды ержетіп, бойжетіп қалды.  Оларды қатарынан қалдырмайын деп осы кәсіпті бастадым. Сөйтіп Шымкент қаласынан бұрын қолданыста болған жылыжайдың құрал-жабдығын сатып әкеліп, аулама орнаттым. Сұрастырып жүріп қиярдың «Миннель» сортын ектім. Шымкенттік агрономдармен байланыста жұмыс істедім.  Қиярды ауладағы құдықтан су тартып, тамшылатып суарудамын. Оның 1000 түбін отырғызып, бүгінгі таңда күніне 60-80 килограмм қияр жинаудамыз. Қиярдың бір түбі алты келі өнім береді. Оны  100 теңгеден аудандық орталық базарға өткізудеміз. Жалпы жылыжайдың пайдасы өте көп. Тек онымен дұрыс жұмыс істеп, ішіндегі керек заттарын қондырып алу керек екен, — дейді Ермекбай Шынтаев.

Енді ол күз және қыс айларында да қияр өсіру үшін желдеткіш орнатып, жұмысын жандандырмақ ниетте. Одан бөлек, алда несие алып жылыжай көлемін үлкейтуді жоспарлауда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.