Жуалыда жеңіл тамақтану желісі ашылды

0 3

Жас кәсіпкер Жандос Пердебеков аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жанынан «Jj fast food» атты жеңіл тамақтану желісін ашып, жұмыс істеуде, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

«Еңбек» бағдарламасы аясында жеке кәсібін бастағандардың бірі Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Жандос Пердебеков. Алғашында асхана ашуды жоспарлап жүрген оның ойы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына анықтама алуға келгенде өзгеріпті. Жандос орталықтан шеткері орналасқан мекеме маңайында бірде-бір тамақтану орнының жоқтығын байқап қалады. Сөйтіп ол тәуекелге бел байлап, алдымен өз қаржысына ойға алған ісін бастап көреді.

Болашақ тамақтандыру орнын жалға алып, онда жеңіл үлгідегі дүңгіршек орналастырады. Әрбір тағамды дайындайтын құрал-жабдықты Шымкент қаласынан сатып әкеледі. Осылайша кәсібін бастаған ол әрбір келуші өз-өзіне қызмет көрсететіндей етіп жағдай жасайды.

Жандостың қолынан шыққан тіл үйірер ас мәзірлері бүгінгі таңда аудан жұртшылығына белгілі. Бұл жерден аудан тұрғындары бургер, хот-дог, доннер, пицца секілді тағамдардың түр-түріне тапсырыс бере алады. Тапсырыс онлайн жүйеде де қабылданып, жеткізіп беру қызметі қаралған.

– Өзімнің негізінен мамандығым темір жолшы. Мектеп бітірген соң, арман қуып Алматыға жол тарттым. Оңтүстік астанада М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында білім алдым. Еңбек жолым осы қалада «Қазпочта» АО-да басталып, вагон бастығы қызметін атқардым. Кейіннен өзімді сауда сынап көріп, осы салаға қарай бет бұрдым. Өткен жылы кімге болса да оңай болмады. Індет таралып, жұмыстар тоқтап, көп адамдар жұмыссыз қалып жатты. Мұндай қиын кезеңде бір істі бастау ол үлкен тәуекелге бару деген сөз. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына бір ғана анықтама алу үшін келгенде көпшіліктің арасынан жақын жерде тамақтану орны жоқтығы туралы естідім. Содан ойыма бірден ештеңеге қарамастан ауданымыз үшін қажет дүниені ашқым келді. Ойымыз жүзеге асты. Әрине, алғашында асханада жүріп, тағам әзірлеу қиын болды. дегенмен бар қиындықты жеңіп, кәсіпті бастап кеттім, — дейді ол.

Алдында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тіркеліп, «Бизнес-Бастау» бағдарламасымен бір айлық курстан өтіп, сертификат алған ол, кәсібін кеңейту үшін қайтарымсыз грантқа қатысу үшін құжатын тапсырады. Ұсынған жобасы мақұлданып, төрт айдан соң қаржы алып, жұмысын жандандыруға мүмкіндік алады.

Қазірде жеке кәсіпкердің ісі алға басып, екі адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Жандос алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, тағамға керекті өнімдерді өздері өндіруді жоспарлауда. Ол жуалылықтарға сапалы қызмет көрсетіп, дәмді тағамдарын ұсынуды көздейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.