Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапарымен барды

0 68

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапарымен барды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Талас аудандық ветеринариялық стансасы жуырда жеке ғимаратқа көшірілген болатын. Қазір мекеме орналасқан нысанда қызметтік көліктерге арналған орын мен дәрі-дәрмек сақтайтын қойма да қарастырылған. Алдағы уақытта мұнда үй жануарларын емдейтін клиника да ашылмақ.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов бастаған облыс әкімдігінің басқарма басшылары ауданға жасаған жұмыс сапарын аталған мекеменің ғимаратымен және жұмыс жағдайымен танысудан бастады. Жұмыс кабинеттерін аралап, сала мамандарын сөзге тартып, міндеттерімен танысқан Нұржан Молдиярұлы:

— Мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Ендігі жерде жұмыс жасауымыз керек. Ветеринария саласының мамандары тікелей дәрігерлермен бірге байланысты нығайту керек. Өйткені, малдан келетін жұқпалы ауруларға қатысты мәселені екі тарап келісе отырып реттеу қажет. Қолдау көрсетіп, жұмыс жасау мүмкіндігін арттыру үшін мекемеге ғимарат бөліп отырған аудан әкімі Қанатбек Мәдібекке ризашылығымды білдіремін, — деді.

Мұнан соң Н.Нұржігітов Тамды ауылдық округіне қарасты «Ақшұқыр» суғармалы егістік алқабындағы темір бетонды науа жүйесінің сапасымен танысты. 5,5 шақырымды құрайтын науа жүйесінің құрылысы өткен жылы аяқталған болатын. Жауапты мердігер «СК Жан-Ақ» ЖШС нысанды белгіленген мерзім ішінде аяқтап, пайдалануға берді. Нысанның ағымдағы жөндеу жұмыстарына жалпы көлемі 57,488 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда темір бетон ішкі шаруашылық су жүйелерін (№1,2 канал) ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша каналдарды тазалау, демонтаж және геодезиялық сызба жүмыстары жүргізіліп, 150 темір бетон науа тасымалданды. Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Төрехан Қойлыбаев айтып берді.

Облыс әкімінің орынбасары бұдан бөлек тұрғындарды арзандатылған азық-түлікпен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ашылған әлеуметтік дүкенде болды. Ондағы өнімнің түрлері мен олардың бағасына назар аударды. Өз кезегінде жеке кәсіпкер Ирина Осипова азық-түлік қорын толықтыруда бірқатар мәселелердің туындап отырғанын жасырмады.

Дүкен иесінің айтуынша, барлық жұмыс қаражатқа тіреліп отыр. Жұмысты жандандыру үшін несие алудың да реті келмей отырған көрінеді.

Жеке кәсіпкерді мұқият тыңдаған Нұржан Молдиярұлы мәселені шешуді жауапты сала мамандарына тапсырды.

Сондай-ақ, қаланың тұрмыстық қалдықтарын төгетін орынды көріп, жауапты сала басшыларына тиісті міндеттер жүктеген Н.Нұржігітов жұмыс сапарын аудан әкімдігінің мәжіліс залындағы актив жиналысымен қорытындылады.

Жиында шаруа қожалықтарының мемлекеттік субсидияны пайдалану жайы, кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін несиені алудағы белсенділігі және шаруалардың жайылымдық жерлерді игеру мен мал азығын сақтау мәселесі сөз болды.

— Іске ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып отыған қолдаулар жайында түсіндіріңіздер, осы бағыттағы бағдарламалармен таныстырыңыздар. Ауылдық округі әкімдері ауыл шаруашылығы бөлімдерімен бірлесіп жұмыс атқарыңыздар. Олай жасамасақ, елдің жағдайын көтеріп, табысын арттыра алмаймыз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жем-шөптер таратып беріп жатырсыздар. Қолдайтын бастама. «ҚазСуШар» мекемесіне қарасты ауданда жөндеуді қажет ететін 52 канал бар. Жиырма каналды биылғы жылы ауданның теңгеріміне беріп, құжаттарын реттеп, жөндеуден өткізу керек. Қалған каналдарды қалыпқа келтіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, игерілмеген жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керек. Бұл орайда ауыл әкімдеріне артылатын жауапкершілік зор, — деген Нұржан Молдиярұлы жүктелген міндеттердің орындалуы бақылауда болатындығын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.