Еліміздің басты құндылығы — Тәуелсіздікке 30 жыл! Осыған орай Ботамойнақ ауылдық округіндегі Сыдық Абланов орта мектебінде «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» тақырыбында конференция өтті, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Шарада мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбаршын Сариева конференцияның мақсат – міндеттеріне тоқталды.
Мән-мағынаға толы шара Желтоқсан боздақтарын еске алумен ұштасып, Желтоқсан оқиғасының куәгері, бүгінде білікті ұстаз, мектеп директорының әдістемелік оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанна Минаписқызымен сұхбатқа ұласты.
Оқушылар Желтоқсан оқиғасына байланысты өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Жанна Минаписқызы сол күндерді тебірене еске алып, өзі куә болған оқиғалар мен жеке өмірі жайында мағлұмат берді.
Конференцияға қатысушылар мектептің тарихшы ұстаздары дайындаған бейнебаянды тамашалады. Бұдан кейін, 5 «б» және 8 «ә» — сынып оқушылары Тәуелсіздікке арнаған өлең жырларын оқыды.
Конференция мектеп оқушысы Сенбек Бекдаулеттің орындауындағы «Ерке сылқым» күйімен қорытындыланып, оған қатысушылар Желтоқсан оқиғасының куәгерімен естелікке суретке түсті.