Мойынқұм ауданында соңғы он жылда адамдардың сібір жарасы, құтыру және Конго- Қырым гемаррагиялық қызбасы ауруына шалдығуы тіркелген жоқ. Мамандар ауру көрсеткішінің төмендеуіне жоспарлы ветеринариялық шаралардың өз деңгейінде жүргізілуі әсер еткенін айтады,-деп жазады “ZhambylNews” AA.
Табиғаты мал шаруашылығына ыңғайлы шалғайда жатқан Мойынқұм ауданында жануарлар арасында кездесетін қауіпті аурулар көрсеткіші едәуір төмендеген. Диагностикалық тексерулердің қорытындысы бойынша төрт -түліктің созылмалы бруцеллез ауруына шалдығуы да азайып келеді.
-Жан-жануарлар мен адамдарға ортақ аурулар басқа жылдармен салыстырғанда көп емес. Вакциналау, диагностикалау жұмыстары жүйелі жүргізілгендіктен осындай нәтижеге қол жеткіздік. Соңғы он жылда аудан тұрғындарынан малдан жұғатын қауіпті ауру анықталған жоқ. Кенеге қарсы қора-жайларды залалсыздандырдық. Паразитарлық аурулар бойынша ағарту материалдарын БАҚ-қа жариялап тұрамыз. Құрт ауруларына шалдыққан малдарды емдеу жұмыстары мал иесінің есебінен жүргізіледі,-дейді Мойынқұм аудандық ветеринариялық станциясы директорының міндетін атқаушы Ернұр Надиргужин.
Ал аймақ бойынша төрт-түлік малдың сарып ауруына шалдығу көрсеткіші айтарлықтай төмендеген.
Бруцеллезге шалдыққан ірі қара саны 5 пайызға, қой-ешкі 40 пайызға төмендеген. Адамдар арасында да бруцеллез ауруына шалдығу 2020 жылдың 8 айында 82 адам болса, биылғы жылы 8 айда 52 адам ауырып, 30 адамға немесе 36 пайызға азайып отыр.