Зейнетақы мен жәрдемақы жөніндегі 11 қызмет электронды түрде көрсетіледі

0 6

Зейнетақы мен жәрдемақы жөніндегі 11 қызмет электронды түрде көрсетіледі, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облыстық филиалы бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылар есебіндегі барлығы 261 852 азаматқа республикалық бюджеттен 153,5 млрд теңге, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан көмек алатын 32 432 тұрғынға 12,3 млрд теңге төленді.

Бүгінде мемлекеттік корпорацияға жасына байланысты зейнетақы алатын 126 482 адам, жәрдемақы төлемдерін алатын 128 112 азамат тіркелген. Бұл төлемдері екінші дәрежелі банктердің және «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы ай сайын уақытылы жүзеге асырылады. Бұл туралы корпорацияның Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Мұхтар Алимбетов ӨКҚ баспасөз брифингінде баяндады.

Оның мәліметінше, әлеуметтік еңбек саласында жыл басынан бері 83 571 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 9540-ы Электрондық үкімет порталымен іске асса, 58 505-і мемлекеттік корпорация мамандарымен, 2 500-і медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі қызметкерлерімен, 469-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы, 12 557-сі проактивті түрде ұсынылған.

«Бүгінде елімізде зейнеткер жасындағы азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік және зейнетақы заңнамасын жетілдіру, балалы отбасылар мен азаматтардың осал санаттарын қолдау шаралары, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жұмыстары жасалуда. Айталық, осы бағыттағы 15 қызметтің 11-і проактивті және электронды түрде көрсетіліп жатыр. Яғни, тұрғындар ұялы телефонға келген хабарламаға жауап беріп, Электронды үкімет порталымен үйден қызмет ала алады», — деді Мұхтар Сембекұлы.

Оның айтуынша, бүгінде ұялы телефон арқылы жаңа босанған аналар проактивті қызмет аясында, бала туған шақта жіберілген хабарламаға жауап беру арқылы туу куәлігі мен жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, бөбекті балабақша кезегіне қоя алады.

Сондай-ақ, дәл осындай үрдісте жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлемге өтініш беру мүмкіндігі осы жылы іске қосылған.

«Бұған дейін жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлемге, бала босануына байланысты біржолғы жәрдемақы мен бала бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы төлемдеріне өтініш беру тұрғылықты мекен-жайы бойынша болса, қазір экстерритриялық құжат қабылдау іске қосылды. Демек, аталған жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерге өтініштер еліміздің кез келген өңірінен, тұрғылықты мекен-жайына қарамастан қабылдана береді», — деді М.Алимбетов.

Брифингте белгілі болғандай, зейнетақы мен жәрдемақы есептеу жөніндегі кез келген мәселе бойынша 1414 бірыңғай қысқа нөміріне тегін қоңырау шалып, оператордан келесі мәселелерге қатысты жауап алуға болады:

— зейнетақы мен жәрдемақы рәсімдеу;
— көп балалы отбасының мемлекеттік жәрдемақысы;
— атаулы әлеуметтік көмек;
— әлеуметтік қызметтер порталы;
— еңбек қатынастары және халықты жұмыспен қамту;
— мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған азаматтарға онлайн психологиялық кеңес беруге өтінімдер қабылдау мәселелері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.