Талас ауданында ата-баба әруағына бағышталған ас беру рәсімі өтті

0 28

Ағымдағы жылдың 9-10 қазан күндері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымызға белгілі кәсіпкер, меценат Талғат Жолтаев Базарбекұлының демеушілігімен Талас ауданы Сәду Шәкіров ауылдық округіне қарасты Тамабек ауылындағы «Жолтай ата» атындағы атшабарының салтанатты ашылу салтанаты мен Тамабек ауылы азаматтарының ұйымдастыруымен ата-баба әруағына бағышталған ас беру рәсімі өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған игі шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат  Орынбеков, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов, аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауданның «Құрметті азаматтары», зиялы қауым өкілдері шақырылды.

Құтты қонақтардың жақсы тілегінен соң, Тамабек ауылынан шыққан, елімізге танымал айтыскер ақын Шорабек Айдаров игі іске арнайы дайындаған арнауын жиналған қауымға паш етті.

Одан кейін аудан әкімі Қанатбек Мәдібек осы іс—шараның өтуіне үлес қосқан ел ағаларын түрлі деңгейдегі құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапаттады.

Облысымыздың әр ауданынан және Алматы қаласынан арнайы шақыртылған майталман ақындарымыздың айтысы ұйымдастырылған іс—шараны одан әрі қыза түсірді.

Ауданнан шыққан ақын-жазушы Шорабек Айдаров, Көсемәлі Сәттібайұлы, Біржан Сөктай, Азамат Есалы және айтыс ақындарының одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков осынау айтысқа қарақылды қақ жарып, қазылық жасады. Қазылар алқасының шешімімен Базар Жолтаев атындағы айтыстың бас жүлдесі (500 мың теңге) алматылық Сырым Әуесханға бұйырса, бірінші орынға (300 мың теңге) байзақтық Әсет Дүйсебаевқа берілді. Екі екінші жүлдені (200 мың теңгеден) Алтынкүл Қасымбекова мен Олжас Отар бірге бөлісті. Үш үшінші жүлдеге (әрқайсысын 100 мың теңгеден) жуалылық Дидар Апбасов, таластық Нұржан Манатбек, мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов лайық деп танылды. Айтыскерлерге осы ауылдан шыққан белгілі азаматтар Рафаэль Ниязбек, Серік Томанов, Нарша Қашағанұлы, Болат Бекжанов, Спандияр Мұқышев, Есалы Қырықбаев және өзге де аялы азаматтар атындағы жүлде табысталғанын айта кеткен жөн.

Мерекелік кеш Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының гала концертімен аяқталды.

Тамабек ауылындағы өткен іс-шараның екінші күні Б.Жолтаев атындағы атшабар алаңына жиналған мыңға жуық кісілерге ас беріліп, әруақтарға құран бағышталды.

Мұнан соң тай бәйгесі басталып, көпшілік ат спортын қызыға тамашалады. Тай бәйгеге 40 тай қосылып, 12 шақырымға шапты. Бірінші болып Тұрар Рысқұлов ауданы, Сәлімбай ауылынан Әскербектің торысы келді. Екінші болып мәре сызығын меркілік Бекнұрдың «Палестинасы» қиды. Жүлдеге іліккен өзге бес тай да Т.Рысқұлов ауданынан. Тайдың бірінші бәйгесіне кілем жабылған тай берілсе, жетінші жүлденің өзі бір қой, 5 мың теңге ақша болды.

Ат бәйгесінің алдында елімізге танымал ұстаз Қоянбек Ахметов бата беріп, 65 ат бәйгеге қосылды. Олар 32 шақырым қашықтыққа жіберілді. Осынша тұлпардың арасынан Тамабек ауылынан Оралханның жүйрігі мәре сызығын бірінші қиды. Екінші болып құландық Ержанның тұлпары келсе, таластық Берлады Абашовтың «Әмірторысы» мәре сызығын үшінші болып қиды. Жамбыл ауданынан Нұрмаханбеттің тұлпары төртінші келсе, мұнан соң Т.Рысқұлов ауданынан, Алматы облысынан қосылған аттар бәйгелі болды. Ал таластағы  Саду Шәкіров ауылының «Көкдауыл» деген тұлпары сегізінші, аталған ауылдан Жанат Әбжановтың «Алтын қара» деген тұлпары тоғызыншы келіп, жүлдеге ілікті. Бірінші келген жүйрікке 1 миллион теңге бәйгені Талғат Жолтаев өз қолымен тапсырса, келесі орындарға тігілген түйе, жылқылар да иелерін тауып жатты. Он тұлпарға бәйге беріліп, соңғы жүлденің өзі сиыр баласы тана болды.

Мұнан соң 1 миллион теңгеден астам салым тігілген көкпар додасы өтті.

Тамабек ауылындағы бұл іс-шара ел аузында ұзақ жылдар бойы айтылатын, есте қалатын үлкен маңызды да, сауапты жиын болары сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.