Өндіріс ауылдық округіне қарасты Абай ауылының тұрғындарына көгілдір отын берілді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ауыл тұрғындарының көптен көксеген көгілдір отынның алғашқы алауы тұтанып, тілектері орындалған тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков құттықтай барып, халықтың тынымсыз еңбектің мехнатынан арылатын күнге жеткенін атап өтті.
Ауылдық округ ақсақалдар алқасының төрағасы Тобахан Бакйгисиев айтулы шараға атсалысып, қолдау көрсеткен аудан және ауыл басшылығына, газ құбырын жүргізу ісінде белсенділік танытқан азаматтарға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысын білдірді.
Көгілдір отынды үйге орнатып беру құны 300 мың теңгені құрайды. Бұл жұмыстарды «КазТрансГазАймақ» аудандық филиалы жүргізеді. Қазіргі таңда ауыл халқының басым бөлігі көгілдір отынға қосыламыз деген ниет білдіріп отыр.