Құлан жерінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында «Келші Құланға» атты облыстық ақындар айтысы өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Шараның негізгі мақсаты — Тәуелсіздігіміздің тұғырын текті жырлармен толғап, Тұрар Рысқұлов ауданының тарихын, тәуелсіздікке жету жолында тер төккен ерлердің еңбегін, елдің бірлігін, берекелі тірлігін жырға қосу. Жырға қосу арқылы қазіргі кейбір жастардың санасына ұлттық өнерді дәріптеу. Себебі әр айтыс негізсіз өтпейді. Әр айтыстың айтар ойы мен көтерер жүгі бар. Әр ақынның шығар биігі, алқаға айтар пікірі, өзіндік түбірі мен төркіні болады.
М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен жыр бәйгесін аудан әкімі Ерболат Садырқұлов құттықтау сөзімен ашып беріп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жыр додасына облыс бойынша айтыс десе ішкен асын жерге қоятын 24 сөз шебері қатысты.
Ұлттық өнеріміз дәріптелген кеш аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлының қолдауымен, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырумен өткізіліп отыр.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Байзақ ауданынан келген Алтынкүл Қасымбекова қанжығасына байлады. Бірінші орынды Жуалы ауданынан келген Қанат Мырзахан иеленді. Т.Рысқұлов ауданының намысын қорғаған Асхат Қылышбек екінші орынды қанағат тұтты. Ал жүлделі үшінші орын Тараз қаласынан келген Медеу Мырзатайға, Жуалы ауданының тумасы Дидар Апбасовқа және Қордай ауданынан келген Күмісай Сәрсенбаеваға бұйырды.
Сонымен қатар, сөз сардарлары бас қосқан дүбірлі дода аясында «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» тақырыбында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы қатар ұйымдастырылып, жыр майданында аузымен құс тістеген ақындар бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Нұржан Қадырәлі иеленсе екінші орынды Табиғат Абаилдаев қанжығасына байлады. Ал жүлделі үшін орынды ақын Азамат Есалы алды.