Жуалыда тұрғын үй мен жер мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Жуалы ауданында жеке тұрғын үй құрылысына кезекте тұрғандардың жалпы саны 2019 жылы 2 508 азамат болса, биылғы қыркүйек айында 3 224 адамға жеткен. Оларға берілетін жер телімдерін арттыру мақсатында бас жоспарды 2021-2023 жылға дейін дамыту картасы әзірленген , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Одан бөлек, Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын алқабынан жер телімін алуға кезекте тұрған 170 азаматтың жер телімдерінің басты сызбалары бекітіліп берілген. Айта кетерлігі, 2007 жылдан кейін жер телімдері енді-енді беріліп жатыр.
Аудандағы Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылындағы жаңа тұрғын алқаптан 61 жер телімі мен Қосбөлтек ауылынан 62 жер телімі және Нұрлыкент ауылынан 63 жер телімі электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Енді осы алқаптарды ауыз су және газ жүйелерімен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 110 440 мың теңге қаржы бөлуге өтінім жолданыпты.
Жыл басынан бері ауданда тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімі кезегі жоқ елді мекендерден және бас жоспарға сәйкес 64 жер телімінің сызба жұмыстары жүргізіліп, жер комиссиясының қарауына ұсынылған екен. Оның ішінде, жергілікті әкімдіктің шешімімен 30 жер телімі беріліп үлгерген. Сондай-ақ, ауданның жеке тұрғын үй құрылысын 2023 жылға дейін дамыту картасына сәйкес, жалпы алаңы 86,7 гектар жер телімдерінің жаңа тұрғын алқаптарын газ және ауыз сумен қамтамасыз етуге арнайы өтінімдер берілген.
Жалпы, жақында Б.Момышұлы ауылында үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Халықты баспанамен толықтай қамтамасыз ету үшін көпқабатты тұрғын үйлердің саны алдағы жылдары арта бермек.