«Тәуелсіздік ел тірегі- білімді ұрпақ!» дәл осындай ұранмен Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Туған елге тағзым-2021» зерттеу экспедициясына аттанды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Экспедиция барысында өрендер Жамбыл облысында орналасқан тарихи, мәдени, өндірістік орындарға саяхат жасап, сакралды бағыттағы тарихи және мәдени ескерткіштерді зерттеді. Сонымен қатар материалдық емес мұраларды насихаттайды. Қорытындысы бойынша ғылыми есептер жасап, жобалар дайындайтын болады.
Алғашқы күні оқушылар Жерұйық мекен- Жуалыға табан тіреді. Жуалыда олар батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының мұражайында болып, оның өмірі, шығармашылығы, ерлігі туралы тың ақпараттар біліп қайтты. Сонымен қатар «Burnoe Solar-1»- күн электр станциясының жұмысымен танысты. Тараз қаласындағы өнідіріс орындары «ЦАСК» Тараз қант зауыты, «Депо» локомотиві мен «Казфосфат» ЖШС-нын аралап қайтты.
Мұнан соң «Туған елге тағзым — 2021» экспедиция жұмысының салтанатты ашылуы рәсімі өтті.
—Бұл жобаға алғаш рет 7-сынып оқушылар қатысып отыр. Экспедиция оқушыларға туған өлкесін зерттеп, тарихын тануға мүмкіндік береді. Солардың негізінде түрлі жобаға қатысуға мүмкіндік болады,- деді мектеп директоры Қаракөз Абдрахманова.
Айта кетейік, 1-5 қараша аралығында зияткерлер «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, Айша-Бибі, Бабаджы-Қатын,Тектұрмас, Қарахан, Дәуітбек ата кесенелеріне барып, Ақыртас ескерткіші, Меркі петроглифтерінің тарихын зерттеді.