Талас ауданы бойынша көппәтерлі тұрғын үйден пәтер алу үшін кезекте 1854 азамат тіркеліп тұрса, оның 165-іне биыл баспана берілді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Кезектегілердің қатарында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Басым бөлігі әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар.
Олардың саны – 1027. Биыл 3-ші және 5-ші мөлтек аудандағы көпқабатты үйлердегі 165 пәтерге тұрғын үй кезегіндегі мұқтаж азаматтар қоныстандырылды. Атап айтқанда, көп балалы санатымен тіркелген 35 отбасы, 14 – жетім, 5 – І-ІІ топ мүгедек отбасы, 5 – мүгедек бала асыраушы отбасылар, 2 – жасы бойынша зейнеткер, 42 – толық емес отбасы, қандас – 14, және 31 – мемлекеттік, бюджеттік ұйым қызметкерлері пәтермен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, Қаратау қаласына қызмет бабымен келген 17 мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне қызметтік пәтер берілді.
Қаратау қаласында 64 пәтерлі 3 мөлтек ауданындағы №17 үйді беру бойынша, кезек тізіміндегі мұқтаж азаматтардың құжаттары комиссия қарауына ұсынылды.
Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан, 2014 жылдан бастап кезек тізіміндегі мұқтаж азаматтарға берілген пәтерлерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, пәтер иелерінің ұзақ уақыт пәтерде тұрмауларын және үшінші жақты жалға бергендіктерін анықтап, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.