Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде тоғыз жолдың торабына орналасқан Мойынқұм ауданының өндірісі өркендеп, инвестициялық жобалар жүзеге асты. Бүгінде екі бірдей цемент зауыты, алтын өндіру кәсіпорны, гранит тасын өңдейтін «Оргстрой» мен «Альбасар» да осында орналасқан, — , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Соңғы онжылдықта Мойынқұмда «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ның Мыңарал цемент зауыты бой көтерді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың маусымында телекөпір арқылы салтанатты түрде ашып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірдегі алғашқы қарлығашы деп атап өткен болатын. Жалпы құны 34,9 млрд. теңгені құрайтын, жылдық қуаты 1,2 млн. тонна цемент өндіруге есептелген бұл нысан бүгінде облыстағы ірі кәсіпорындардың біріне айналып отыр.
Мұнда цемент өндіру ісіне 222 адам жұмылдырылып отыр. Кәсіпорынның басқа да жұмыстарына 36-дан астам адам тартылған. Аймақта 2010-2014 жылдары индустрияландыру картасына жалпы құны 51,9 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба енгізілген. Оның бірі – «Ақбақай алтын алу фабрикасын қайта жаңарту» жобасы. Оның кезіндегі «Ақбақай кен байыту комбинаты», қазіргі «Алтыналмас АҚ-ның» Ақбақай филиалы жүзеге асырды.
Бұл кәсіпорын бастапқы кездері мемлекеттің алтын қорын жылына 200 килограмм алтынмен толтырған болса, енді жылына 1500 килограмға дейін алтын өндіру әлеуетіне ие. Бұл жобаның тұсауы 2011 жылдың маусым айында кесілді. Жалпы жоғарыда аталған кәсіпорындар жергілікті қазынаға қомақты көлемде салық төлемдерін аудару арқылы ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсаруына да өзіндік үлестерін қосуда. Мекемелер мен жеке азаматтарға қайырымдылық шаралары мен демеушілік көмектер де көрсетеді.
Аудан халқын жұмыспен қамтып, жұмыссыздық деңгейі төмендетуіне де зор ықпал етуде. Мойынқұм өнірінің жер асты байлығы ұшан-теңіз. Менделеев кестесіндегі элементтердің бірталайы кездеседі. Ауданда гранит тасын өндіру мен өңдеумен 2010 жылы алғашқы өнімін шығарған «Альбасар» мен «Оргстрой» ЖШС-тері айналысады. Граниттен бордюр, брусчатка секілді құрылысқа қажетті алуан түрлі өнімдер өндіріліп, өнделеді. Осы гранит еліміздің өңірлерінде бой көтеріп жатқан зәулім ғимараттар мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО қалашығының құрылысына пайдаланылды.
Ал, Мыңарал ауылында ашылған балық өңдеу зауыты да бүгінде өз жұмысын жандандыру үстінде. Мұнда жылына 1,5 тонна балық өнімдері өндіріледі. Зауытта 62 адам жұмыс істейді.