Жас ана «AG» массаж жасау орталығын ашып, бүгінде 15 адамды жұмыспен
қамтып отыр , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жастардың да қосып отырған үлесі зор. Олардың басым бөлігі мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаудыңарқасында өз кәсіптерінашып, пайдалы іспенайналысуда.
Соның бірі –Арайлым Гизатова. Мамандығы инженер-технолог болса да массаж ісіне қызығушылық танытқан ол осы кәсіппен бір жылдан бері айналысып келеді. Арайлым
аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы кәсіпке қайта даярлау курсынан және «Бастау- Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіріп, бағдарлама аясында 584
мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін инженер- технолог мамандығы бойынша тәмамдаған соң тұрмыс құрған ол бала күтімінде болады. Декреттік демалыста отырған жас ана енесі Гүлсарамен ақылдаса келе, өз кәсібін ашуға бел буады. Білімін жетілдіру курсын аяқтаған соң бір бөлмені массаж жасау орталығына айналдырып, адам қабылдай бастайды. Осылай үш ай үйінде жұмыс істеген ол қайтарымсыз грант қаражаты қолына тиген соң «AG» массаж жасау орталығын ашады.
Бірінші кезекте грант қаражатына массажға қажетті бір дана амплипульс және екі дана
электрофорез аппараттарын сатып алады. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 13-і массаж маманы, қалғаны оператор және маркетингпен жұмыс істеушілер.
Барлығы да тәжірибелі мамандар. Арайлым Гизатованың айтуынша орталыққа дене жарақаты бар азаматтар, сал ауруына шалдыққан балалар мен сүйектері майысқан сәбилер қайырылады екен. Қаралушыларға мұнда тек дәрігердің нұсқаулығымен ғана массаж жасайтындығын айта кеткен жөн.
– Мен массаж жасауды әпкем Әйгерімнен үйренген едім. Үлкендерге де, сәбилерге де массаж жасай беремін. Ойымда «Массаж орталығын ашамын» деген жоспар болған жоқ. Бастапқыда мұны өз сәбиім үшін үйренгенмін. Сөйтіп, білгенімді өзгелермен бөлісе жүріп, тәжірибе жинап, үш орталық аштым.
Тараз қаласында да орталығым бар. Мұнда массаж жасап қана қоймай, үйренгісі келетіндерді бір-екі ай оқытамыз да. Ебі барлар бізде қалып үш ай жалақы алып, іс-тәжірибеден өтеді. Бұдан бөлек, өзім сияқты жас аналарға кеңес беріп отырамын, – дейді ол.
Кәсіпкердің алға қойған мақсаты көп. Арайлым Шынболатқызы алдағы уақытта өзге аудан орталығынан да осындай орталықтарды ашуды жоспарлап жүргенін айтты.